Сәрсенбі күні жұмыс сапарымен облысқа келген еліміздің бас экологы – Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов «Қошқар ата» радиациялық қалдықтар қоймасының басында мәжіліс өткізді. Облыстық Қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжанов, «Уранликвидрудник» Мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Кафтаранов, «Волковгеология» АҚ радиоэкология департаментінің директоры Павлин Каюков және облыстық ақпарат құралдарының журналистері қатысқан осы басқосуда біздің аймағымыз үшін экологиялық үрей ошағы болып отырған осы қойманың бүгінгі және ертеңгі бет-бейнесі айқындалғандай болды.
«Қошқар ата» радиациялық қалдықтар қоймасының «Ұйқылыдағы» уран кенішін игеру барысында пайда болғаны белгілі. Кеңестер Одағының кезінде уран өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұрды, сондықтан улы көлдің де аумағы үлкейе берді. Одақ ыдырап, өндіріс тоқтағаннан кейін бұрын жыл сайын құйылып отырған 25 миллион текшеметр судың да тамыры кесілгендей болды. Көл көлемі азая бастады, сөйтіп, улы тұнба беті жалаңаштанып, құрғап, желмен бірге шаң-тозаң күйінде ауаға тарай бастады. Ең қауіпті тұс осы еді. Еліміз «Қошқар ата» көлін залалсыздандыру жұмысын қолға алғанымен, тоқырау тұсындағы қаражат тапшылығы қол байлады. Тек осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана қыруар қаражат бөлудің мүмкіндігі туып, Санкт-Петербург ғалымдары көл айналасына мониторинг жүргізіп, істелер шаруалардың ауқымын анықтап берді.
Мамандардың пікірінше, көлдің өзі аса бір радиациялық қауіпті емес көрінеді. Арнайы өлшеулер ондағы радиациялық фон санитарлық нормадағыдан азғана асып тұрғанын көрсетіпті. Оның үстіне, 1990-жылдардың ортасында Азот-түк зауытынан әкелініп төгілген фосфат қалдығы қыруар жердің зиянды топырағын жауып кеткен көрінеді.
Мамандар көл емес, химия-гидрометаллургия зауыты тоқтағаннан кейін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен өндірістік құрал-жабдықтар көбірек қауіп туғызды деседі. Олардың қалдықтары, зауыттан шыққан металл сынықтары көл жағалауына жақын жерге тасталып, көмілген екен. Алайда, олжа іздегендер оны да қазып алып, керек-ау дегендерін пайдаланып, сатып, сөйтіп, радиациялы заттар қала ішіне тарап кетіпті. Көлді залалсыздандыру жұмыстары осыны болдырмау мақсатынан бастау алыпты.
-Міне, қазір біз тұрған жерде бұрын сол зауыттың өндірістік қалдықтары жатқан еді. Былтырдан бері 24 гектар жерді залалсыздандырдық. Яғни, радиациялық фон аса жоғары боп тұрған осы жердегі қалдықтарды алдымен көмдік, содан соң оның сыртынан қалыңдығы 25 сантиметр болатын арматурланған бетонмен жаптық. Оның үстінен басқа жерден әкелінген топырақпен қалыңдығы 1 метр қылып жаптық. Қазір бұл жердегі радиациялық фон қалыптағыдан аспайды, -деді облыстық Қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжанов министрге. –Келесі жылы 31 гектар жерді осылайша залалсыздандыруымыз керек. Сөйтіп, біз алдымызға қойған төрт бағдарламаның бірін орындап шығатын боламыз.
Бұл мақсатқа 394,2 миллионнан астам теңге қарастырылған екен. Оның 234,5 миллионы игеріліп болыпты. Осы жұмыспен айналысып жатқан еліміздегі уран өндірісінің қалдықтарын залалсыздандырумен айналысатын бірден бір арнайы мекеме – «Уранликвидрудник» Мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Кафтаранов ендігі қалған жұмыс жарты жылдың ішінде толық аяқталатынына сенімді көрінді.
Төрт бағдарламаның екіншісі – көлдің суы тартылып, жалаңаштанған 2700 гектардай жерін рекультивациялауға республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Үшінші бағдарлама қаланың тұрғын аймағынан шыққан қалдық суларды тазалап, осы көлге айдау шараларын қамтымақ. Жылына 8,5 миллион текшеметр су айдалып тұрса, көл суының табиғи булануының орнын толтыратын көрінеді.
Төртінші бағдарлама – улы көл айналасындағы топырақ құрамына ауқымды мониторинг жасау. «Волковгеология» АҚ радиоэкология департаментінің директоры Павлин Каюковтың айтуына қарағанда мониторинг жүріп жатыр. Желдің негізгі бағыттары бойынша ауаға тарайтын шаң-тозаңның құрамы, сонымен қатар жер асты суларының қозғалысы зерттеліп жатыр. Қазіргі белгілісі – көл суының теңізге қосылмайтыны. Бұл көл кезінде үлкен сор болған екен. Зерттеулер сор суының жерге сіңіп кетпей тұрғаны қалыңдығы бірнеше ондаған метр болатын, кей жерлерінде 100 метрден асатын қалың саз қабатының болғандығынан екендігін көрсеткен. Сол саз қабаты әлі де оқшаулаушылық қасиетін сақтап отыр. «Алайда, -дейді О.Тоғжанов мырза, -көл суы толық оқшаулануы үшін қазіргі деңгейін сақтауымыз керек. Сондықтан, қаладан шыққан қалдық суларды тазартудан өткізіп барып, осында құюға арналған бағдарламаны тезірек жүзеге асырғанымыз жақсы болады».
Каюков мырза да көлдің жалаңаштанған тұсынан басқа жерлердің шаң тозаңы халық денсаулығына айтарлықтай қауіп тудырмайтынын айтады. «Егер айтылмыш 2700 гектарды рекультивациялауды тезірек іске асырсақ, көлді толық залалсыздандырған болар едік» -дейді ол.
Н.Ысқақов мырза көлді толық залалсыздандыру үшін мамандардың пікірін сұрағанда Марат Кафтаранов мынадай пікір айтты. «Жаңа бір сөзімізде Азот-түк зауытынан әкелініп төгілген фосфагиттің қыруар жердің қаупін сейілткенін айттық. Шындығында, Өзбекстанның Науаи қаласында да, Сепногорскіде де осындай әдіс қолданылып, тиімділігін дәлелдеп шықты. Біз де осы әдісті қолдану керек деп санаймын. Екіншіден, бұл көлді сыртқы дүниеден бетон дуалдармен толықтай оқшаулай отырып, үнемі мониторинг жасап тұру арқылы, залалсыздандыру жұмыстарын жалғастыра беру керек. Мен аса бір күрделі ештемені көріп тұрған жоқпын. Бәрі де қолдан келетін, өз күшімізбен, аз шығынмен атқара алатын жұмыстар» -деді ол.
Мәжілісті қорытындылай келе Қоршаған ортаны қорғау министрі ең алдымен көлдің қоршаған ортаға әсерін жан-жақты зерттеу қажеттігін қадап тұрып айтты. «Көлдің қалаға, Каспийге, жақын маңдағы ауылдарға әсерін, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып адамдардың денсаулығына әсерін, нақты қандай науқастарға ұшыратып отырғанын түбегейлі тексеру қажет, сол арқылы болашақта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс кендігін толық біліп отыруымыз керек» -деді министр.
Екіншіден, біздің елімізде осындай қауіпті аймақтарды залалсыздандырудың жан-жақты жетілдірілген тәсілін игеріп алуымыз керек, дей келе, Н.Ысқақов мырза осы Қошқар ата көлі бойынша атқарылған жұмыстардың оған негіз болатындығын айтты.
-Премьер-министр мені облысқа ең өзекті экологиялық проблемаларды анықтап, шешу жолдарын қарастыру үшін жіберді. Біздің бұл кездесуіміз пайдалы болды деп есептеймін. Жақын арада Үкіметте ведомствоаралық комиссияның мәжілісі болады, сонда осы жұмыстар талқыланады. Сіздердің ұсыныстарыңыз ортаға салынады, нақты шешім алынады. Мен «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының проблемалары толықтай шешілетініне күмәнданбаймын, -деді министр Н.Ысқақов мырза сөзінің соңында.
Айсағали ҚЫДЫР.
30.11.2008
Подписаться на:
Комментарии к сообщению (Atom)
Комментариев нет:
Отправить комментарий