21.12.2008

РЕСУРСТАР ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРА АЛСАҚ... Маңғыстау көкөніспен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады!

Нұрсәуле Жайынбаева – елге белгілі жаңашыл, іскер қыз-келіншектердің бірі. Қазір «Агророст» қоғамдық ұйымына жетекшілік етіп жүр. Ол ұйымның мақсаты – жергілікті көкөніс өсірумен шұғылданатын фермерлерге теороиялық және практикалық көмек көрсету, олардың бәсекелестік қабілетін өсіру жолдарын іс жүзіне асыру екен. Өркениетті елдерде қолданылып, жақсы нәтиже берген, тиімділігін дәлелдеген жаңа технологияларды біздің аймағымызға әкелудің көшбасында тұрған Нұрсәуле осы жолдағы қиындыққа толы күресін жалғастыруда екен. Ол жайында Нұрсәулемен сұхбаттаса отырып білдік.

-Нұрсәуле, біз 2005-жылы, осы уақытта кездесіп, Маңғыстауда көкөніс шаруашылығын өркендету проблемаларын сөз еткен болатынбыз. Сіз тамшылап суару әдісін қолдану – біздің жағдайымызда бірден бір тиімді әдіс екенін айттыңыз. Израильге барып, осы технологиямен жақын танысқаныңызды, енді форум өткізіп, сол әдісті кеңінен енгізу жағын қолға алатыныңызды білдік. Содан бері үш жыл өтіпті. Көздеген мақсаттарыңызға жеттіңіз бе?

-Қол жеткен де, жетпеген де нәрселер бар. Форум өткіздік. Былтыр 15 адамды Волгоград қаласында 25 күн оқытып, жаңа технологияны үйреттік. Теплица салып, онда көкөніс өсірудің тың, соны әдістерін қолданудамыз. Айтпақшы, сол 2006-жылы-ақ Волгоград қаласына барып, бір тамшылап суару линиясын сатып әкеліп, Ақтаудың іргесінде жалға алған жерге орнаттық...

-Неге жалға алған жерге? Өзіңіздің егістік жеріңіз бар емес пе?

-Бар. Ол қаладан 60 шақырымдай жерде. Жаңа технологиямен танысқысы келетін адам жер шалғайлығын қиынсынып, кегежесі кейін тартып қалмасын деп, осыған да бардым... Сонымен сол жалға алған жерде тамшылап суару әдісін қолданып, гектарынан 100 тоннадан астам қияр алдық. Біздің облыс жағдайында ол 20-30 тонна төңірегінде болады, тіпті, керемет бағып-күткен жағдайда 50 тоннадан аспайтын. Оның үстіне, біз суды 2-2,5 есе аз жұмсадық. Осыны көргісі келетін адамдардың бәріне де көрсеттік, мамандар, фермерлер келді, тиімділігін, артықшылығын көрді. Осыдан кейін осы технологияны қолданғысы келетіндер қатары өсті. «Маңғыстауагросервис» мекемесі бүгінде алғысы келетін адамдарға әкеліп беріп отыр.

-Демек, сіздің бастамаңыз қолдау тапты. Қазір қалай, осы технология Маңғыстауды жерсініп кетті деп айтуға бола ма?

-Өкінішке қарай, жоқ. Әлі де бұрынғы дихандар әдісін қолданудан асып кете алмай жатырмыз. Біздің фермерлердің көпшілігі алысты болжап, болашақ үшін жұмыс істеуге құлықсыздау. Іздену, талпыну жоқ. Тамшылатып суару – оп-оңай технология емес. Қондырғыны әкеліп құрып тастасаң болды, тамшылатып суара береді, бақша өсе береді деген балалық түсінікке орын жоқ. Жұрт оның техникалық бабын жасауды машақат көреді. Мысалы, «Қарағантүбек» шаруашылығы осындай желіні алуын алды, бірақ әлі пайдаланған да жоқ. Көп жерде пайдаланғанымен, істен шығарып алып жатыр. Сөйтіп, іс өрістеп кете алмай отыр.

-Күрделі технология, машақаты көп болса, ол өзін-өзі ақтай ма? Фермерлер алуын алғанмен пайдалана алмаса, қыруар шығынға қалады. Ендеше осындай технологияға ұрынып не қажеті бар?

-Міне, Сіз де бүгінгі күннің ауқымынан шыға алмай қалдыңыз. Айсағали, қазір нарықтың заманы, кімнің өнімі сапалы болса, сол өтімді болады. Сол сапалы өнімді басқаларға қарағанда арзандау сатсаң, тіпті керемет. Ал, арзанға сату үшін оған аз шығын жұмсалуы керек. Оның үстіне, ол өндірген өнімің экологиялық жағынан таза болса, оны сату аумағын кеңейте, тіпті шетелдік компанияларға сата аласыз. Табыс осылайша келеді. Жаңа тамшылап суару арқылы өнім өндіру көлемін дәстүрлі әдіспен өсіргендегіден 3-3,5 есе арттырғанымызды, сөйте тұрып оған жұмсалған суды бірнеше есе азайтқанымызды айттым. Айтпай кеткенім – ол өнім экологиялық жағынан өте таза болатын, өйткені біз оған химиялық тыңайтқыш қолданғанымыз жоқ. Енді ойлап қараңыз, бізде егін шаруашылығымен айналысатын 70-80 фермер бар, егер осылар өнім өндіруді екі-екі жарым есе арттырса, жеміс-жидекті шеттен тасыр ма едік. Қазір біздің ақшамыз теңіз асып Қап тауына немесе Үстірт асып өзбек, тәжіктерге кетіп жатыр. Бәрін өзіміз өсірсек, ақша өз елімізде қалады, экономикаға қуат береді. Ертең, біздің еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болса, қазіргі әдіспен біздің фермерлеріміз күн көре алмайды. Өйткені, біздің тонналап су құйып өсірген аз өніміміз қымбатқа шығады да шетелдік өніммен бәсекеге түсе алмайды. Қазірдің өзінде өзбектер мен әзірбайжандар базарды жауалап болды.

-Сонда қайтеміз? Технология күрделі, машақаты көп, қолдана алмаймыз. Кезіндегісін кезінде көрерміз деп, жүре береміз дағы?

-«Еріншектің ертеңі бітпес» дегеннің сөзін айтып отырсыз, Айсеке. Бүйтіп бір жыл жүрерміз, екі жыл жүрерміз. Ол уақытта басқалар ілгері дами береді дағы, біздің қымбат та азғантай өнімімізді саудадан тіпті ысырып шығарып тастайды. Сол ма бізге керегі?
Айталық, біз құрылысқа қажет деп қарайған жапон техникасын алдық. Техника күрделі, қымбат. Ол тұрып қалмасын деп, оған сервистік қызмет көрсетудің қамын жасамаймыз ба? Сүйтіп күтіп-баптаудың нәтижесінде қымбат техника өз құнын ақтап, пайда түсіреді.
Біз де солай істеуіміз керек. Яғни, Ресурстар орталығын құруымыз керек.
Айсағали, көкөніс өсірген адам – бала өсірген анадай. Көкөніс те ауырады, оның да бабын табу керек, ашықтырмау, шөлдетпеу керек, тамағы құнарлы, нәрлі болуы керек. Бұл жағын маман агроном болмаса, екінің бірі біле бермейді. Тұқым саралау деген бар. Жақсы өнім алу үшін жақсы тұқым керек, оны алдын-ала зерттеп, ауруларын алып тастап, өңдеп, рассада дайындау керек. Ол өсіп келе жатқанда әртүрлі зиянкестерден сақтау керек. Жер құнарын жоғалтпау, келесі жылғы егінге дайындау, топырақ эрозиясы деген проблемалар толып жатыр. Осының бәрі аз шаруа емес, фермерлердің оған шамасы келе бермейді, біліктілік те жетіспейді. Бұл машақаттың бәрін Ресурстық орталық көтерер еді.
Енді тамшылатып суару желілеріне келейік. Оның күрделі технология екендігін айттық. Ол суды әр өсімдіктің түбіне ғана, қажетінше беріп отырады. Осыдан келіп, су қажетсіз жерге (мысалы, арықтың бойына) рәсуа болмайды, әрі буланып кетпейді. Өсімдік түбінің топырағы қатып қалмайды, демек, ауа өткізу қабілетін жоғалтпайды. Арамшөптерге су бармайды, сондықтан олардың өсуіне қолайсыз жағдай туады. Тыңайтқыштар судың құрамындағы ерітінді күйінде беріледі. Бірақ, бұл су тұрбалардың бойымен баратынын, бірнеше сүзгілерден өтетіндігін, суды шақтап беріп тұратын қондырғылар – эмиттерлер болатынын, осылардың бәріне уақтылы күтім жасап, ортофосфорлы қышқылмен тазалап тұру қажеттігін ұмытпау керек. Кейбір нәрсенің істен шығатыны бар, оны дер кезінде оңдап, қажет болса ауыстыру керек. Әртүрлі өсімдікке әртүрлі мөлшерде тыңайтқыш қажет, мысалы, израилдік желілер суға еріген органикалық (химиялық емес) тыңайтқыштарды беріп отырады, ондай препараттар мен білетінде тек Израильде дайындалады. Оларды әкеліп, жеткізіп беру керек. Міне, бұлар – Ресурстық орталықтың негізгі де басты жұмысы болар еді. Яғни, Ресурстық орталық – фермерлерге теориялық, практикалық, әдіскерлік, агротехникалық, гидротехникалық, селекциялық жұмыстың кең ауқымын көрсететін кешен болады. Сонда біз тамшылатып суару технологиясының Маңғыстауда кеңінен, жаппай қолданылуына жете аламыз. Бұл – Маңғыстау өз халқын арзан, сапалы, экологиялық таза өніммен толық қамтамасыз ететін болады, ақшаның шетел асып кетуінің бір жолы жабылады деген сөз. Бұның ар жағында халық денсаулығы, экология деген мәселелер тұр.

-Бұл қызмет әншиін көрсетілмесе керек...

-Біз өзімізбен шартқа отырған фермерлердің өндірген өнімінің 2-3 пайызына да риза болар едік. Есесіне, фермерлер қыруар пайдаға қалар еді.

-Нұрсәуле, Сіздің осы шаруаны айналдырғаныңызға 15 жыл болған екен. Мақсатыңызды мен жақсы түсінемін. Алайда, жұмысыңыз бірден өрге басып кете алмай жатқанға ұқсайды. Неден қиындық көріп жүрсіз, әлде, қолдаушыңыз аз ба?

-Мен осы технологияны өзім ғана біліп, өзім ғана қолданып, тыныш жүре берсем, пайдаға қарық болар едім. Алайда, кезінде үріп ішіп, шайқап төгіп, шылқыған бай болғандардың сол байлықтың рахатын көріп жатқанын көрген емеспін. Ешкім байлықты ана дүниеге алып кете алмайды. Мен үшін қызығы – елмен бірге өркендеп, елмен бірге ризықты болған. Менің тәжірибемді басқалар үйреніп, ел-жұртты, балаларды өзіміздің сапалы, құнарлы, таза жеміс-жидекпен қарық қылып жатса, әріптес фермерлер менің арқамда шетелдіктермен иықтары тең тұрып сөйлесе алатындай дәрежеге жетсе, өмірден алар ләззатым сол.
Қолдаушы дегенде, кезінде хат жазып, айтқанымды дәлелдеп бармаған кеңсем жоқ. Түсініп, қол ұшын берген, менімен бірге қиналып, менімен бірге қуанған бір адам – Аджип ҚКО компаниясының қызметкері Дариға Кәрімқызы. Мың болғыр, сол кісі көмектесіп, компания қаражат бөлмегенде қазір істеген шаруаларымның бірде бірі бітпейтін шығар.
Қоғамдық ұйым болғасын, аты айтып тұр, қоғам үшін еңбек етудеміз. Ісіміз оңға басса, оның пайдасын алдымен фермерлер, сол арқылы халық көреді. Сондықтан, облыстың мемлекеттік орындарынан көмек, қолдау күтеміз, бірақ, көңіл толарлықтай ештеме сезіліп жатқан да жоқ. Өкінішті-ақ.
Әлі де жалығар емеспін. Алматыдағы, Волгоградтағы, Израилдегі ғалымдармен тығыз байланыстамын, ақыл-кеңестерін алып, қылт еткен жаңалықты қалт жібермей, өзімді өзім қайрап келемін. Қазір, Сайын ауылының жанында теплица салмақ ойдамын. Жергілікті балаларды баулып, оқытып, көрсетіп, маман етіп тәрбиелеп шығарғым келеді. Сол теплицаны қазіргі заманғы бизнестің үлгісіндей етіп, елге, жұртқа көрсеткім келеді, сабақ болсын, ұмтылсын деймін. Маңғыстау үшін тың бағыт – тоған салып, балық өсіруді қолға алмақпын. Атырауға жол жүрейін деп отырмын, онда осы кәсіптің қыр-сырын үйренуім керек боп тұр. Басқа да жобалар бар, бірақ, қаражат тапшылығы сезіліп тұр. Үміт бар, күресудемін ғой. Бірақ, сәтсіздіктер, түсінбеушіліктер шаршататын шығар.

-Әрине, Нұрсәуле, адамды шаршататын еңбек емес, сол еңбегіңді бағаламау ғой. Сіз қайратты адамсыз, мойымауыңызды тілеймін. Менің ойымша, Сіз айтқан Ресурстар орталығын құра алсақ, ол бүкіл Қазақстанға үлгі болар еді деп ойлаймын.

-Ол біздегі көкөніс шаруашылығын жаңа әлемдік стандартқа сай етер еді, саланы қазіргі заманның талабына сай етуге мүмкіндік берер еді. Сол арқылы бүкіл ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің үлгісін көрсетер едік. Оны құрмасақ – біз ілгері дами алмаймыз, барлық жаңашылдық ұмтылыс тұншыға беретін болады. Өкінішке орай, оны құруға менің қаражатым жоқ, бұл ең алдымен облысқа, халыққа керек дүние екендігін түсініп, облыстың тізгінін ұстап отырған адамдар көмегінен дәметеміз...

Айсағали ҚЫДЫР.

Комментариев нет: