21.12.2008

ТАБИҒАТТЫҢ ЖАНЫ ТЫРНАҒЫНЫҢ ҰШЫНДА ТҰР ЕКЕН...


Сейсенбі күні біздің облыста өткізілген тағы бір мониторингтің нәтижелерімен таныстық. Бұл жолы үш жылға шақталған Каспий қайраңы мен жағалауына аэроғарыштық технологиялар көмегімен жүргізіліп жатқан мемлекеттік экологиялық мониторингтің 2-кезеңінің қорытындылары талқыға салынды. Оны Қазақстан Қолданбалы экология агенттігінің ғалымдары Асқар Алмаханов пен Валерий Светлаков ортаға салды.
Агенттік ғалымдары бұл мониторингті екі жыл қатарынан жүргізіп келеді екен. Әлі бір жылы бар, бірақ, негізгі жәй қазірдің өзінде белгілі болып қалғанға ұқсайды. Ол жәй – Маңғыстау табиғатының жаны тырнағының ұшында тұрғандығы.
Сөзіміз жалаң болмас үшін бірталай дәлел келтіре кетейік. Су астында қалған немесе тастап кетілген мұнай ұңғылары залалсыздандырылуда деп қаншама рет айтылғанымен олар табиғатқа зиянын тигізіп жатыр. Мысалы, Қаражанбастағы 132-ұңғының айналасындағы мұнай қалдықтары шыдауға боларлық шектен 118 есе асып тұр. Осы сияқты жағдай 121-, 1000-, 1001-, 1002-ұңғылардың төңірегінде де бар. Комсомольск кенорнындағы 2,3,4,8,11,12,14,18-ұңғылардың төңірегіндегі топырақ ауыр металлдар ионымен ластанған, ал мұнаймен ластануы 14-ұңғы айналасында шыдауға боларлық шектен 169 есе артық. Жалпы, Қаражанбастағы су астында қалған ұңғыларды жақсылап жабуды жедел қолға алып, талапқа сай атқарып шықпаса, олардың табиғатқа тигізер зияны күн өткен сайын көбейе түспек. Осы кенорнының айналасындағы қамыс жыл құстарының қонақтап, балапан өргізер мекені екен. Ал, ол қамыстың түбі шылқып жатқан мұнай екендігін мониторинг кезінде түсірілген суреттен көріп, жағамызды ұстадық. Солтүстік Бозашыда 19-ұңғы айналасының топырағы мұнаймен ШБШ-тен 358(!) есе артық былғаныпты. Осындай көріністер барлық дерлік кеніштерде бар.
Өкінішке орай, құрылықтағы төгілген мұнайдың жер асты суларына әсері әлі зерттелмей жатыр. Қаламқас, Қаражанбас, Арман, Комсомольск кеніштерінің бәрі де теңіз жағасында, оның әсері теңіз суына тиіп жатқандығында сөз жоқ, алайда, бұл да арнайы зерттелуі керек еді. Жалпы, ғалымдардың пікірінше, гидрогеологиялық мониторинг жүргізілуі керек-ақ.
Газды ауаға жағып жіберуге тыйым салынса да ол тыйылатын емес. Мониторинг жүргізілген уақытта 282 газ шырағы байқалса, бұл жөнінен Қарақұдық, Өзен, Қаламқас кеніштері алдына жан салмай тұр.
Түпқараған аймағы мен Баутино портының, Дархан құрылымының сулары фенолмен ластанған. Дархан, Қаламқас, Жемчужины құрылымдары мен Баутино портының суларының мұнаймен ластануы шыдауға боларлық шектен бірнеше есе, Жемчужиныда 6,2 есе жоғары тұр. Баутин айлағында суға төгілген мұнай ғарыштан түсірілген суретте де анық байқалып тұр. Теңіздің қазақстандық бөлігінің барлық аумағы дерлік ауыр металлдармен, әсіресе, хром, сынап, қорғасын, кадмий сынды элементтермен қатты ластанған. Судағы ауыр металлдардың мөлшері кей жерлерде шыдауға боларлық шектен 340 есе артық.
Судың мұнай қалдықтарымен және ауыр металлдармен ластануы жағынан дәстүрлі кеме жолдары (шыдауға боларлық шектен 186 есе жоғары), Қаламқас (149 есе), Түпқараған (148 есе), Құрманғазы құрылымы (141 есе) қатты алаңдауға негіз болады.
Екі жылдың ішінде 15 рет суға мұнай төгілген фактісі анықталыпты. Оның жетеуі Ақтау портының аумағында, төртеуі Құлалы-Төленді аралдарының аумағында. Естеріңізге сала кетейік, Құлалы-Төленді аралдарының айналасы балық пен итбалықтың өсіп өнетін, табиғи қорық іспеттес аймақ болатын. Ракушечное кенішінің айналасындағы су құрамындағы зиянды қалдықтардың мөлшері биылғы көктем мен күздің арасында 10 есе көбейіп кетіпті.
Құрманғазы құрылымының, Баутин портының, Түпқараған айналасының суларында өлген балықтар жиі кездеседі. Қаражанбас, Арман, Доңға кеніштеріндегі өсімдіктер дүниесі техногендік өзгерістерге ұшырап жатса, барлық мониторинг жүргізілген аймақта балық пен итбалықтың және су құстарының азайып бара жатқаны анықталып отыр.
Оқырман ұмытпаған болар, теңіз қайраңын игереміз, мұнай аламыз деп келген компаниялар түгелдей қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырып, халыққа да, Үкіметке де «қоршаған ортаны қатаң сақтаймыз, қалдықтардың нөлдік деңгейі принципін ұстанамыз, теңізге бір тамшы да мұнай тамбайды, балықтарды үркітпейміз, суды лайламаймыз, үйтпейміз, бүйтпейміз» деп, уәдені үйіп-төгеді. Ал, сол уәденің қалай орындалатынын енді көріп отырмыз.
Бұл жәйлар екі жыл ішінде жерден, судан алынған 18 мыңның үстінде сынақ үлгісінен және RADARSAT ғарыштық аппаратынан түсірілген мыңдаған суретті зерттеуден анықталып отыр.
Қоғамдық тыңдауда басқа да біраз жайлар айтылып, деректер, дәлелдер келтірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Маңғыстау табиғатының жаны тырнағының ұшында тұрғандығы еді.
-Мониторинг әлі бір жыл жүргізіледі. Соның нәтижесінде біз облыстық әкімдікке, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, басқа да құзырлы орындарға өз ұсынысымызды айтатын боламыз. Бірақ, Маңғыстаудың табиғаты ендігі жерде осыншама техногендік ауыртпалықты көтере алмайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Сондықтан, біздің мониторинг бар, басқа да ғалымдардың жүргізіп жатқан мониторингтер бар, солардың нәтижесін күтіп отырмай, күні бүгін қатаң да шұғыл шаралар алу қажет. Ол қандай шаралар – оны құзырлы органдар жақсы біледі, -деді бізге берген сұхбатында Асқар Алмаханов мырза.
Біз бұрын газетімізде Маңғыстаудың суы мен топырағын, ауасын, өсімдіктер және жануарлар дүниесін қатаң бақылауда ұстап тұратын дәрежесі биік, сөзі өтімді ғылыми-зерттеу институты болмаса кешенді зертхана құру керектігін бірнеше рет жазған болатынбыз. Сол пікірімізді тағы қайталаймыз.

Айсағали ҚЫДЫР.

Комментариев нет: