21.12.2008

ПОЛИГОН ЖАБЫЛҒАНЫМЕН, ЗАРДАБЫ ӘЛІ КӨП


1989-жылы Қазақстан әлемде бірінші болып атом қаруынан бас тартқан болатын. Сол кезде әлемде АҚШ-тың Невадасы, Ресейдің Жаңа жері, Қытайдың Лобноры, Францияның Моруасы, Қазақстанның Семейі сынды 5 алып полигон болып еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен сол Семей полигонын жауып, қазақ халқының бейбітшіл халық екендігін паш етті. Семей полигонының жабылуы үшін күресіп, ақыры жеңіске жеткен қазақ халқының даңқты ұлы Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы өзінің халық алдындағы аса ауыр да құрметті міндетін осылайша орындап шықты.

Алайда, Семей полигоны тарихта мәңгі қалып қойды. Мыңға жуық ірілі-ұсақты ядролық сынақтарымен ғана емес, мыңдаған адамның өмірлік қасіреті мен қайғысының ошағы ретінде қалып қойды. Оның зардаптары күні бүгінге дейін сезілуде. Соған орай, «Невада-Семей» қозғалысы да өз жұмысын жалғастыруда. 1980-ші жылдардың аяғында олар полигонның жабылуы үшін күрессе, қазір оның зардабын тартқан жерлестерімізге әлеуметтік қолдау-мен қорғаудың барлық шаралары іс жүзіне асуы үшін күресуде. Бұл туралы осы қозғалыстың Батыс аймақтық филиалының жетекшісі, ғалым, дәрігер Ізімғали Көбенов әңгімелеп берді. Ол қозғалыстың 20 жылдығына арналған конференция өткізу үшін Ақтауға келген болатын. Бұдан бұрын Ақтөбеде 3, Атырау мен Оралда 2 кездесуден өткізген ол Маңғыстау өңірінде де 3 рет жұртшылықпен кездеспекші. Соның алғашқысы өткен жұма күні Ақтаудағы «Арман» жастар орталығында өтті.
-Бұл жұмыстар жақында ғана Алматыда өткен Халықаралық конференциядан бастау алды. Оны Франциядан арнайы келген біздің көшбасшымыз Олжас Сүлейменов өзі ұйымдастырған болатын. Өзіңізге белгілі, біздің қозғалыс кезінде Семей полигонын жабу үшін құрылса, ол бүгінде барлық ядролық полигондардың толық тоқтатылуы үшін күресетін халықаралық ұйымға айналды. Біздің идеялық достарымыз Францияда, АҚШ-та, Жапонияда, Ресейде, Қытайда, Германияда жан-жақты жұмыс істеп жатыр, -дей келіп, І.Көбенов мырза қазіргі атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.
Қазақстан кезінде бүкіл аумағы әскери полигонға айналған бірден-бір ел болған еді. Тек Семей полигонында ғана емес, ядролық сынақтар Ақтөбенің Байғанин ауданында, Атыраудың Азғыр ауданында, Батыс Қазақстанның Тайсойған, Нарын өңірлерінде де болып жатты. Ал, Арал теңізіндегі Барсакелмес аралы бактериологиялық лабораторияға айналды. Тіпті, түкпірдегі Маңғыстаудың Үстіртінде де 3 ядролық сынақ өткізілді. Сондықтан Қазақстанның жартысынан астамы бүгінде экологиялық апат аймағына жатады. «Невада-Семейдің» бүгінгі жұмысы – осы аймақтардағы халықтың, әсіресе, әскери полигондардан тікелей зардап шеккендер мен оларда әскери қызмет еткендердің әлеуметтік қорғау шараларымен толық қамтамасыз ету.
-Қазір жұмысымыз Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр. Алла қаласа, көп ұзамай Семей полигонының жабылуының 20 жылдығына арналған Үкімет қаулысы шықпақ. Әлеуметтік қорғау мен қолдаудың жан-жақты бағдарламасы сол қаулыда көрініс табады деп күтіп отырмыз. Бұл қаулының жасақталуына қозғалыс көп еңбек сіңірді. Одан басқа да ауқымды шаралардың жүзеге асуына мұрындық болудамыз. Басқа өңірлерді айтпағанда, Ақтөбе облысының Байғанин ауданында және Батыс Қазақстан облысының Тайсойған өңірінде 2 қабатты типтік ауруханалардың, Атыраудың Ойыл ауданында сауықтыру орталығының салынуына ықпал еттік. Ақтөбе облысында Семей полигонында қызмет еткендердің бәрі коммуналдық төлемдерден босатылды, деді ғалым.
Қозғалыс бүгінгі таңда тек әскери полигондардан зардап шеккендерді ғана емес, жалпы экологиялық ахуалдың шиеленісу проблемаларын назарда ұстап келе жатқан көрінеді. Жаңа айтып өткен халықаралық конференцияда Каспий аймағының экологиясы да біраз сөз болыпты. Олжас Сүлейменовпен қатар, белгілі эколог Мэлс Елеусізов, сенатор Ғани Қасымов сөз алып, Каспий өңірінің экологиялық ахуалы туралы ашық айтып, құнды ұсыныстар жасапты. Осы жағын айта келіп, ғалым сөз болып жүрген Ақтау АЭС-і жайлы пікірін де білдірді.
-Мен атом қуатының бейбіт мақсатта қолданылуын жақтаймын. Бірақ, Ақтау АЭС-ін салу туралы пікір әлі пісіп-жетілмеген деп санаймын. Мәселенің тек экономикалық жағын ғана емес, экологиялық, әлеуметтік, демографиялық жағын да жақсылап саралау керек. Оның үстіне, электр энергиясын алудың басқа да тиімді, қауіпсіз жолдары аз емес, оларды да ұмытпай, зерттеу керек. Бізден әлденеше есе қуатты, өнеркәсібі жақсы дамыған Германия, Дания сынды мемлекеттер, Скандинавия елдері Күн және жел энергетикасын дамытуға барынша күш салып жатыр. Демек, жақын болашақта, оларды өндірістік мақсатта қолдануға әбден болады деп санаймын. Сондықтан, Ақтауда АЭС салу мәселесін әлі де зерттеңкіреу керек.
«Арман» жастар орталығында өткен конференцияда да бұл мәселелер қызу талқыға түсті. Оған қатысқан студенттер Қазақстанда Атом энергетикасы туралы заң барын білмейтіндігін айтып, АЭС салу мәселесінде беймәлім жәйттардың баршылық екендігін сөз қылса, кәсіпкер, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Ықылас Көшербай, жұртшылық өкілі Айса Үмбетов, «Арман» жастар орталығының жетекшісі Нұрбек Қарасаев, басқа да қатысушылар халықтың экологиялық сауаттылығы төмендігін айта келіп, мемлекеттік органдар тарапынан экологияға қатысы бар барша мәселелерде ашықтық пен жариялылықтың аздығын сынға алды. Сондай-ақ, өндірісті энергетикамен қамтамасыз етудің басқа жолдары барлығына дәлелдер келтіріліп, АЭС салу мәселесін әлі де зерттеу керек деген ғалым пікіріне қосылатындықтарын білдірді.
-1992-жылы Олжас Сүлеймновтың «Полигон» фильмі алғаш рет Маңғыстау халқына көрсетіліп, оны марқұм Сайын Шапағатов пен қозғалысымыздың вице-президенті Бақытжан Әділов ұйымдастырған болатын. Кейіннен ол фильм Мемлекеттік сыйлық алды. Ақпан айында фильмді Маңғыстауға тағы алып келмекпіз. Одан басқа да бірқатар шаралар жоспарда бар, бірақ, алдын-ала жария қылмай отырмыз. Сіздің газетіңіз арқылы барша маңғыстаулықтарға, соның ішінде әскери полгондарда қызмет еткендерге деген ерекше құрметімізді білдіре келіп, біз олардың тұрмысы мен денсаулығын жақсарту үшін барлық қажыр-қайратымызды, білігіміз бен беделімізді жұмсап келе жатқанымызды, алда да осылай жалғаса беретіндігін айтқым келіп отыр, -деп қоштасты бізбен Ізімғали Көбегенов.

Айсағали ҚЫДЫР.

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

Тегін қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар http://free.ucoz.kz/