
Мамандардың пікірінше, соңғы 30 жылдың ішінде Маңғыстаудағы құмды аумақтардың көлемі 15-20 пайызға өсіп кетіпті. Бұл елге де, экономикаға да аса көп қиындықтар келтіріп тұр. Бұрын құм қаупі төніп тұрған тек Сенек еді, енді Үштаған, Тұщықұдық, Шебір ауылдары да оның қатарына кіріпті. Осындай көшпелі құмның жолында қалған ауылдар Бейнеу ауданында да баршылық көрінеді.
Көшпелі құмдар тек ауылдарды емес, жолдарды, құбырларды, коммуникациялық желілерді де жұта бастапты. Демек, оған қарсы жасақ құрып, қарсы тұратын уақыттың жеткені. Алматыдағы «Жағырапия» институты директорының орынбасары, жағырапия ғылымдарының докторы Фарида Жиеншеқызы Ақиянова ханыммен арадағы шағын әңгімеде осы мәселе талқыға түскен еді.
-Фарида Жиеншеқызы, Маңғыстаудағы көшпелі құмдардың табиғатын жақсы білетін көрінесіз. Біраз зерттегеніңіз көрініп тұр...
-Маңғыстаумен таныстығым 1971-жылы, студент кезімнен бастау алды. Сол жылы Астраханнан қазіргі Құрыққа дейін теңіз жағасымен жүріп өткен едік. Содан бастап көшпелі құмдардың табиғатын зерттеумен келемін. Ал соңғы уақыттардағы жұмыстарым түгелдей Маңғыстауға байланысты. Сенекте жұмыс істедік, Үштағанда...
-Маңғыстаудағы құмды алаптардың көлемінің өсуіне не себеп? Онымен күрестегі ең тиімді тәсіл деп нені айтар едіңіз?
-Экономиканың дамуы. Маңғыстауда қашаннан құрғақшылық пен су өзара тең баланста тұрған. Өндірістің өсуі жер асты суларының орасан көп мөлшерде сорылып алуына әсер етті де, ол азая бастады, сөйтіп баланс – тепе-теңдік бұзылды. Құмды алаптардың аумағының өсуі, олардың жылжу жылдамдығының артуы осының салдары.
Оған қарсы тұру үшін табиғаттың өзінің әдісі бар, ол – жасыл желек. Жер асты су қорларының кемуі және жергілікті халықтың бұталарды отынға шауып құртуы көп жерлерде ертеден өсіп тұрған бұталы алқаптардың жойылып кетуіне әкеп соқтырды, соның салдарынан құмды бекітіп, ұстап тұратын тамырлар жүйесі жойылды. Құмның жылжу жылдамдығының артуына себеп осы. Табиғатта о баста бәрі де өзара тепе-теңдікте тұрады, бірімен бірі тығыз байланысты. Тепе-теңдік бұзылса, табиғи апаттар бастау алады. Көшпелі құм – осындай табиғи апаттардың бірі.
-Сенектік үстінен төніп келіп қалған құмды тоқтату үшін сексеуіл егу сонау 80-жылдардың ортасында, тоқсаныншы жылдардың аяқ кезінде қолға алынып көргені еске түсіп отыр. Осыдан нәтиже шықпаған сияқты ғой?
-«Мен бірдеме істеп жатырмын» деп халыққа жар салу үшін аз-мұз шаруа жасап, артынан тастап кетсе, әрине, еш нәтиже шықпайды. Сексеуіл ектің бе, оның аумағын жылдан-жылға ұлғайта беру керек, оны мал мен адам отап кетпеу үшін қоршау керек, бағып-күтіп, жағдайын жасау керек. Ол үшін онымен тұрақты түрде айналысып тұратын мекеме болуы керек. Біз Сенекті құмнан қорғау жұмысының жобасын 2003-жылы жасадық та, 2004-жылы бастадық. Сенек-1,-2,-3, Түйесу-1,-2,-3 деген жалпы аумағы 300 гектар болатын алты алаңды қоршап, түрлі бұталар ектік. Ол бұталардың бәрі Маңғыстаудың өз өсімдіктері – жаңағы айтқан сексеуіл, жыңғыл, жүзген, жусан, қарағаш сияқтылар. Сөз арасында айта кетейік, жаңалық ойлап шығарудың қажеті жоқ, құмды жерде өсетін өсімдіктердің бәрінің де тамыр жүйесі ұзын, берік келеді, міне солардан артық құм тоқтатқыш жоқ. Қазір Сенек басында «Жасыл әлем» атты коммуналдық кәсіпорын құрылып, ондағы жұмыстарды жалғастыруда. Оны өзіміздің қасымызда болып тәжірибе жинаған жас ғалым Әділет Қарашбай басқарып отыр.
Үштағанда да 262 гектар жерді қоршап, жаңағы айтқандай бұталар егілді. Ол бұталар әлі өсіп жетілмей тұрып құм астында қалмауы үшін айналасының топырағын қатты тау жыныстарымен бекіттік. Осының бәрі жергілікті тұрғындардың күшімен, біздің ғалымдардың жетекшілігімен істелді. Жергілікті қариялардың айтуынша, ертеректе бұл жерде сексеуіл, жыңғыл, жүзген сияқтылар көп өскен екен. Олар қалай құртылды, құмға солай жан бітіпті.
Тұқымдарды өзіміз жинадық, Ақтөбе облысының Шалқар қаласында тұқым шаруашылығы бар, содан алдырдық. Әйтеуір жұмысымызды тоқтатпадық. Келесі жылы тағы келеміз. Жалпы, Маңғыстауда бізді күтіп тұрған жұмыс көп, қазір көшпелі құм экономиканың қай саласына да қауіп төндіре бастады.
-Ендеше, ондау қауіпке қарсы тұру үшін кеңінен майдан ашу қажет болды ғой?
-Экология ғылыми-зерттеу нститутын құру керек деген сөздер айтылып жатыр ғой. Дұрыс қой. Бірақ, біз алдымен Сенекте жұмыс істеп тұрған «Жасыл әлем» мекемесін барынша дамытуымыз керек. Биыл облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сенекке барғанда Әділетпен кездесті, көп жайлар ортаға салынды. Осы мекеменің құрылуы облыс әкімінің проблеманы жақсы түсінгендігінің, қолдауының белгісі дер едім. Биыл 18 миллион теңге қаражат бөлініп, автомашина, оргтехника сынды қажетті заттар алында, еңбекақы төленді. 15 адам жұмыс істеп жатыр, жазда бұдан да көбейеді. «Жасыл әлем» бара бара облыстағы құм көшкінімен күресетін бірден-бір мамандандырылған ірі мекеме болады. Сондықтан, оған барынша жағдай жасалып тұрса, біздің ашқан кең майданымыз сол болмақ.
-Демек, құмға құрық салуға болады екен ғой?
-Болады. Тек құнт болсын. Біздің ғалымдарымыз осал емес, бұл проблема бойынша аса көп тәжірибе жинаған Түрікменстан, Өзбекстан ғалымдары да бізбен санасады. Ғылыми тылымыз мықты, тек оны жергілікті жердегі қолдау осал болмауы керек. Мәселе сонда.
Айсағали ҚЫДЫР.
Комментариев нет:
Отправить комментарий