02.12.2008

«Көненің көздерінің көбі әлі зерттелмей жатыр...»

Кезінде «қаладан даланы артық көретін орыс бала Андрей» атанып, елге таныла бастаған, бүгінде Қазақстандағы белді де белгілі археологтардың қатарында жүрген Андрей Астафьевпен жыл шымылдығы жабылар қарсаңда кездесіп, біраз әңгімелесіп едім. Андрей қазір өтіп бара жатқан жылда атқарған шаруаларының етек-жеңін жинастырып, қорытындылау қамында екен. Осы төңіректе қозғалған әңгіменің ұзын-ырғасын сұхбат түрінде қағазға түсіріп, оқырмандарымызға ұсынып отырмын.

-Андрей, соңғы жылдары өлкемізде бірқатар археологиялық жаңалықтар ашқаныңды ел біліп отыр. Үлкенқұдық, Қосқұдық, Қызылқала сияқты нысандар кезінде ғылыми сенсация болғаны есімізде. Биыл ел елең етер не таптың?

-Біз сенсация қумаймыз ғой. Сырттай қарағанға іш пыстырар, жалықтырар жұмыспен жүріп жатырмыз. Әр нысанды бірнеше жылдап зерттейміз, құмын електен өткізіп, тарихын ойша екшелеп, том-том кітаптарды ақтарып, сөткелеп ұйықтамай жүріп ашқан жаңалығымыз басқаларға бара сала дүр еткізіп аша салған қамбадай болатын шығар.
Биыл үш жоба бойынша жұмыс істедік. Біріншісі – Тұщықұдық маңайындағы «Көкімбет» мазарын реставрация алдындағы зерттеуден өткіздік. Түсінікті болу үшін айта кетейік, көненің көзі, тарихтың сөзі боп бабалардан мұраға қалған ескерткіштерді қалпына келтірместен бұрын біз зерттейміз. Мысалы, «Көкімбет» кесенесінде кім жатқанын, ол қай дәуірдің ескерткіші екенін, қандай оқиғаға қатысты осындай кесене тұрғызылғанын шама келгенше анықтауымыз керек. Әрине, бәрін көзбен көргендей қылып текшелеп айтып беру мүмкін емес. Біз «Көкімбет» кесенесінің 14-ғасырдың ортасында салынғанын анық айта аламыз. Бұл – Алтын Орданың дәуірі. Бір қызығы, кесене Самарқан, Хорезм үлгілерімен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, бұл – Маңғыстау өңіріне тән емес. Бірақ, кей жерлерін таспен өрген, сондықтан оны салған шебер – жергілікті адам, бірақ тапсырыс беруші не сәулетші Орта Азия өкілі деуге мүмкіндік береді. Тағы бір көңіл аударар нәрсе, қабірдегі адамның қасында мал сүйектері жатыр екен, демек, дене салынған сандықтас (саркофаг) ішіне «ол ана дүниеге барғанда азық қылады» деген наныммен мал еті де салынған, бұл мұсылман дәстүрінен тысқары жатыр. Мүрде шамамен 50 жас шамасындағы ер адам, өте белгілі, дәулетті, беделді адамдыкі. Оны әйгілеп тұрған бірнеше айғақ сол жерден табылды. Бұл мазар көлемі жағынан Маңғыстаудағы кесенелердің ішіндегі ең үлкені, сонысымен де ерекшелінеді. Біз кесенеден түсініксіз жазуларды да таптық, шамасы сол адамның жерленген уақытында жазылған сияқты. Ол одан әрі зерттеуге жіберілді. Бұл жерде антрополог ғалымдардың білімі мен тәжірибесін қажет ететін жұмыс баршылық.
Екінші жоба – Шақпақ ата жобасы. Облыстық әкімшілік осы тарихи ескерткішті ЮНЕСКОның (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ұйымы) Бүкіләлемдік тарихи мұралар тізіміне ендіруді ұсынып отыр. Ол үшін ол ескерткіш жан-жақты зерттеліп, мәні мен мазмұны, маңызы құжаттармен дәлелденуі керек. Жақында осы мәселе өзек болған үлкен ғылыми экспедиция бірқатар жұмыс істеп кетті. Алматыдан, Астанадан мықты-мықты ғалымдар келді, біз де болдық. Әлі де біраз шаруа істелуі керек, әзірше біліп отырғанымыз – 14- ғасырға жататын бұл жер асты мешіті кемі екі рет қайта салынған. Екі өзгертудің арасында кемінде 100 жылдай уақыт өткен.
Бір айта кетер жәйт – жер асты мешіттері тек Маңғыстауға ғана тән үрдіс. Басқа жерден мұндайды кездестірмейсіз. Бұған не себеп, ол жағын әзірше айта алмаймыз. Мүмкін, суфизм іліміне сай, шәкірт басқаға көңіл аудармай, өзінің рухани түйсігінің жоғары деңгейіне жетіп, ерекше қасиетке ие болу үшін қырық күн бойы сыртқы дүниеден оқшаулап ұстап, оқыту ниетімен салынған шығар? Әлде, 63 жасқа жетіп дүниеден озған пайғамбардан ұзақ жасамаймын деп, ақ кебін киіп, жер астына түсіп, қалған өмірін құдайға құлшылықпен өткізген Қожа Ахмет Яссауидің жолын қуушылар салды ма? Бүгін бұл сұраққа нақты жауап беру қиын, ол менің мақсатым да емес, өйткені, осы мәселемен айналысатын білікті ғалымдар бар, олар өз топшылауларын айта жатар. Осы экспедиция кезінде ғалымдар өзара ашық пікір алысып отырды, кейде қызу-қызу айтыстар да болып жатты, өте тосын, қызықты ойлар айтылды. Осы талқылаулар түптің түбінде Шақпақ ата жер асты мешітінің пайда болу сырын ашып береді деп сенемін.

-Жергілікті адамдардан «Андрей «Ақшора» ескерткішін зерттеп жүр» дегенді естіп едім. Ақшора – Белтұран хикаясын естіген боларсың? Сол аңызға куә боларлық бірдеме табылды ма?

-Айсағали, мен аңыздың ізін қуып жүргенім жоқ қой. Рас, аңызды естідім, «Ақшора» кесенесіндегі алты мүрденің бірі әйел адам екендігі де рас. Бұл ескерткіш те «Шақпақ ата» кесенесімен замандас. Дәлірек айтқанда, 1455-жылдар шамасында пайда болған. Алайда, аңыз бен тарих бірімен бірі көп қабыса бермейтіні бар. Мысалы, Шерқаланы алайық. Аңыз бойынша, онда адайлар мен түрікмендердің соғысы жайлы айтылады. Ал, археологиялық деректер ондағы шайқастың одан көп бұрын, оғыздар мен селжүктердің заманында болғанын айтып тұр. Демек біз бұл аңыздың сонау оғыздардың не селжүктердің сол заманда Маңғыстау жеріне жиі-жиі шапқыншылық жасап тұрған хорезмиліктермен соғысын баяндаған деректің күні бүгінге өзгеріп жеткен нұсқасы деп айта алар едік. «Ақшора – Белтұран» аңызының да негізі әріде жатуы мүмкін, тіпті, мазардың ішінде жатқан адамдарға олардың қатысы болмауы да мүмкін.

-Жақсы, үшінші жобаға келейік. Туған қалам – Ақкетікке қатысы бар үлкен шаруамен айналысып жүргеніңді естіп едім.

-Ендеше, сенің туған қалаңның тарихы тым әріде жатқанын біле жүргейсің. Бұрын да айттым ғой, Форт-Шевченконың тарихы сонау монғол шапқыншылығынан бұрын гүрлеген сауда орталығы болған Кетікқаладан бастау алады деп. Кетікқала – соңғы жылдардың археологиялық сенсациясы атанған Қызылқаламен замандас. Екі қаладан да бірімен бірі тамырлас, ұқсас көп айғақтар табылып отыр.
Кетікқала – қазіргі Форт-Шевченко мен Аташ кентінің арасында, бүгінде жанармай құю станциялары орналасқан маңайда, тау етегіне жақын орналасқан. Сол заманда теңіз деңгейі қазіргіден 2 метрдей жоғары болған, демек, теңіз жағалауы Кетікқала тұрған жерге жақын келген. Өте ыңғайлы айлақ болғанға ұқсайды. Жалпы көлемі 15-16 гектар болатын осы қала орнынан біз сол замандағы әзірбайжан, түрікмен ақшаларын таптық, демек Кетікқала өз дәуірінің үлкен порттарының бірі болған. Орта Азияның, қытайдың, парсының керамикалық ыдыстарының сынығы бұл қаланың үлкен керуен жолдарының түйіскен жері, маңызды сауда орталығы болғанын айғақтайды. Керуен сарайдың орны табылды. Бұл қала 14-ғасырдың 2-жартысында Венециядан келген көпес сызған картада бейнеленген екен, ол картада Кетікқала «Мелмеселлаж» деп беріліпті. Бұл «Маңғышлақ» деген сөздің өз тіліне бейімдеп бұрмалаған түрі ме екен деген дүдамал ойға қалып отырмыз.

-Бұл – менің жерлестеріме беймәлім әңгіме екен...

-Оның себебі – мұқиятсыздық. Қаланың орны жойылып барады. 40 пайызы мәңгіге құрып кетті, қалғандарынан бір-ақ күнде айцырылып қалуымыз мүмкін. Кезінде оның қалған кірпіштерін құрылыс салуға бұзып алып кетті, кейін ол жер өндірістік және тұрмыстық қалдықтар төгетін орынға – свалкаға айналды. Одан соң оның бір шетінен құрылысқа қажет құм алып, карьер қылып жіберді. Үстінен электр линиялары өтіп жатыр, айналасы жеке меншікке берілуде. Бұл түрімізбен күні ертең-ақ тарихтың құнды жәдігерінен айырылып қалатын түріміз бар. Ал оны аса пайдалы туристік нысан етуге болар еді...
Тағы бір қызық бар – Форт-Шевченконың аумағындағы ескі қала тек Кетікқала емес, Қорғантас деген де қала бар боп шықты. Қорғантас деп біз 1747-жылы Новопетровск қамалын салған полковник Ломакин сызған картадағы атымен айтып отырмыз. Біз жүргізген қазба жұмыстары орыс қамалы іс жүзінде сол Қорғантастың қорғанын қайталағанын анықтап берді. Яғни, өзінен әлденеше ғасыр бұрын салынған қамалдың планы орыс инженерлерінің көңілінен шыққан. Сол кездердегі әскери жазбаларда Қорғантас жайлы мәліметтер де бар екен. Бірақ Қорғантас одан екі еседей үлкен болған. Жоғарыдан төмен қарай бірнеше террас-баспалдақ тәріздендіріп, алаңқайлар салып, сол алаңқайларға үйлер орналасқан. Құрылыс салудың бұндай тәсілі Маңғыстаудың басқа жерінде жоқ.
Осы Қорғантастан шығатын үлкен керуен жолдың сұлбасы осы күнге дейін бар. Американың NASA ғарыштық қызметінің спутниктен түсірілген суреттерден ол жол анық көрініп тұр.

-Андрей, керуен жолдары демекші... Ана бір жылы осы керуен жолдарымен шындап айналысқым келеді деген едің, ол мақсатыңнан айныған жоқсың ба?

-Айныған жоқпын. Зерттеп жүрмін. Керуен жолдарының жалпы маршруттары, қай жерлермен жүретіні маған белгілі. Бірақ, білек сыбана кірісіп кете алмай жүрмін. Сол керуен жолдарының бір тармағы жаңа айтқан Кетікқалаға келіп тіреледі. Алдағы ақпанда облыс әкімі жанындағы Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және сақтау жөніндегі кеңес болады, сонда біз атқарған жұмыстарды қорытындылай отырып, Кетікқаланы дұрыстап зерттеу жөнінде мәселе қоймақпын. Қорғантасты зерттеу жалғаса түседі деп үміттенемін. Сол кезде әлі де көп нәрсе анықталады деп ойлаймын. Алдағы жылға жоспарымды сұрайтыныңды біліп айтып отырмын. Келесі жылы қазір гүрлеп даму үстіндегі Құрық кентінің маңайына археологиялық барлау жүргізу мақсатын ұстанып отырмыз. Қазіргі құрылыстар тарих жәдігерлерін жойып жібермеуі керек, шама келгенше сақтап қалуға, құпиясын білуге тырысамыз. Одан кейін Кендірлі маңына барып қалармыз, сірә... Форт-Шевченкоға жақын Қошақ шығанағында Қарақала деген кенттің орны жатыр кезек күтіп, ол да маңызды сауда орталығының бірі болған деген болжамымыз бар. Қаңға-бабада Мақтым Ишан кесенесі зерттелуі керек, ол да кезінде керуен жолының бойында орналасқан маңызды нысан. Аумағы 24х24 метр болатын керуен сарайының орны әлі күнге көрініп жатыр. Көп нәрсе айтылмыш ақпан кеңесінде белгілі болады. Сол кезде нақты немен айналысарымыз да айқын болмақ. Білетінім, жұмыс көп. Көненің көздерінің көбі әлі зерттелмей жатыр.
***

Орыстың емес, қазақтың жоғын жоқтап, тарихын түгендеп, аңызынан ақиқатын айырып, көненің көзін ашып жүрген Андрей Астафьевпен әңгімеміз бір емес, бірнеше мақалаға арқау болар еді. Бірақ мен негізгі дәнін ғана алып, оқырман назарына ұсынып отырмын. Ал, негізгі айтпағым – әр жердің өз азаматы, өз әкімі, атқамінерлері өз ауылындағы, маңайындағы тарихи ескерткіштерге жанашырлықпен қараса игі еді деген ой. Форт-Шевченкодағы жаңа айлақтарды салу облыстық мәдениет басқармасының келісімінсіз жүргізілді, нәтижесінде сол маңайдағы көп ғасырлық тарихы бар құнды жәдігерлерімізден айырылып қалдық. Бұл жәй Андрей сияқты санаулылардың ғана жүрегін ауыртып жүргені жанға батады-ау...

Айсағали ҚЫДЫР

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

The Best Slots | Casino Roll
The best slots febcasino.com at Casino Roll. worrione.com If you love https://octcasino.com/ table 바카라 사이트 games, to play blackjack, you have to bet twice for the jancasino.com dealer to win. The dealer must