21.12.2008

ПОЛИГОН ЖАБЫЛҒАНЫМЕН, ЗАРДАБЫ ӘЛІ КӨП


1989-жылы Қазақстан әлемде бірінші болып атом қаруынан бас тартқан болатын. Сол кезде әлемде АҚШ-тың Невадасы, Ресейдің Жаңа жері, Қытайдың Лобноры, Францияның Моруасы, Қазақстанның Семейі сынды 5 алып полигон болып еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен сол Семей полигонын жауып, қазақ халқының бейбітшіл халық екендігін паш етті. Семей полигонының жабылуы үшін күресіп, ақыры жеңіске жеткен қазақ халқының даңқты ұлы Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы өзінің халық алдындағы аса ауыр да құрметті міндетін осылайша орындап шықты.

Алайда, Семей полигоны тарихта мәңгі қалып қойды. Мыңға жуық ірілі-ұсақты ядролық сынақтарымен ғана емес, мыңдаған адамның өмірлік қасіреті мен қайғысының ошағы ретінде қалып қойды. Оның зардаптары күні бүгінге дейін сезілуде. Соған орай, «Невада-Семей» қозғалысы да өз жұмысын жалғастыруда. 1980-ші жылдардың аяғында олар полигонның жабылуы үшін күрессе, қазір оның зардабын тартқан жерлестерімізге әлеуметтік қолдау-мен қорғаудың барлық шаралары іс жүзіне асуы үшін күресуде. Бұл туралы осы қозғалыстың Батыс аймақтық филиалының жетекшісі, ғалым, дәрігер Ізімғали Көбенов әңгімелеп берді. Ол қозғалыстың 20 жылдығына арналған конференция өткізу үшін Ақтауға келген болатын. Бұдан бұрын Ақтөбеде 3, Атырау мен Оралда 2 кездесуден өткізген ол Маңғыстау өңірінде де 3 рет жұртшылықпен кездеспекші. Соның алғашқысы өткен жұма күні Ақтаудағы «Арман» жастар орталығында өтті.
-Бұл жұмыстар жақында ғана Алматыда өткен Халықаралық конференциядан бастау алды. Оны Франциядан арнайы келген біздің көшбасшымыз Олжас Сүлейменов өзі ұйымдастырған болатын. Өзіңізге белгілі, біздің қозғалыс кезінде Семей полигонын жабу үшін құрылса, ол бүгінде барлық ядролық полигондардың толық тоқтатылуы үшін күресетін халықаралық ұйымға айналды. Біздің идеялық достарымыз Францияда, АҚШ-та, Жапонияда, Ресейде, Қытайда, Германияда жан-жақты жұмыс істеп жатыр, -дей келіп, І.Көбенов мырза қазіргі атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.
Қазақстан кезінде бүкіл аумағы әскери полигонға айналған бірден-бір ел болған еді. Тек Семей полигонында ғана емес, ядролық сынақтар Ақтөбенің Байғанин ауданында, Атыраудың Азғыр ауданында, Батыс Қазақстанның Тайсойған, Нарын өңірлерінде де болып жатты. Ал, Арал теңізіндегі Барсакелмес аралы бактериологиялық лабораторияға айналды. Тіпті, түкпірдегі Маңғыстаудың Үстіртінде де 3 ядролық сынақ өткізілді. Сондықтан Қазақстанның жартысынан астамы бүгінде экологиялық апат аймағына жатады. «Невада-Семейдің» бүгінгі жұмысы – осы аймақтардағы халықтың, әсіресе, әскери полигондардан тікелей зардап шеккендер мен оларда әскери қызмет еткендердің әлеуметтік қорғау шараларымен толық қамтамасыз ету.
-Қазір жұмысымыз Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр. Алла қаласа, көп ұзамай Семей полигонының жабылуының 20 жылдығына арналған Үкімет қаулысы шықпақ. Әлеуметтік қорғау мен қолдаудың жан-жақты бағдарламасы сол қаулыда көрініс табады деп күтіп отырмыз. Бұл қаулының жасақталуына қозғалыс көп еңбек сіңірді. Одан басқа да ауқымды шаралардың жүзеге асуына мұрындық болудамыз. Басқа өңірлерді айтпағанда, Ақтөбе облысының Байғанин ауданында және Батыс Қазақстан облысының Тайсойған өңірінде 2 қабатты типтік ауруханалардың, Атыраудың Ойыл ауданында сауықтыру орталығының салынуына ықпал еттік. Ақтөбе облысында Семей полигонында қызмет еткендердің бәрі коммуналдық төлемдерден босатылды, деді ғалым.
Қозғалыс бүгінгі таңда тек әскери полигондардан зардап шеккендерді ғана емес, жалпы экологиялық ахуалдың шиеленісу проблемаларын назарда ұстап келе жатқан көрінеді. Жаңа айтып өткен халықаралық конференцияда Каспий аймағының экологиясы да біраз сөз болыпты. Олжас Сүлейменовпен қатар, белгілі эколог Мэлс Елеусізов, сенатор Ғани Қасымов сөз алып, Каспий өңірінің экологиялық ахуалы туралы ашық айтып, құнды ұсыныстар жасапты. Осы жағын айта келіп, ғалым сөз болып жүрген Ақтау АЭС-і жайлы пікірін де білдірді.
-Мен атом қуатының бейбіт мақсатта қолданылуын жақтаймын. Бірақ, Ақтау АЭС-ін салу туралы пікір әлі пісіп-жетілмеген деп санаймын. Мәселенің тек экономикалық жағын ғана емес, экологиялық, әлеуметтік, демографиялық жағын да жақсылап саралау керек. Оның үстіне, электр энергиясын алудың басқа да тиімді, қауіпсіз жолдары аз емес, оларды да ұмытпай, зерттеу керек. Бізден әлденеше есе қуатты, өнеркәсібі жақсы дамыған Германия, Дания сынды мемлекеттер, Скандинавия елдері Күн және жел энергетикасын дамытуға барынша күш салып жатыр. Демек, жақын болашақта, оларды өндірістік мақсатта қолдануға әбден болады деп санаймын. Сондықтан, Ақтауда АЭС салу мәселесін әлі де зерттеңкіреу керек.
«Арман» жастар орталығында өткен конференцияда да бұл мәселелер қызу талқыға түсті. Оған қатысқан студенттер Қазақстанда Атом энергетикасы туралы заң барын білмейтіндігін айтып, АЭС салу мәселесінде беймәлім жәйттардың баршылық екендігін сөз қылса, кәсіпкер, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Ықылас Көшербай, жұртшылық өкілі Айса Үмбетов, «Арман» жастар орталығының жетекшісі Нұрбек Қарасаев, басқа да қатысушылар халықтың экологиялық сауаттылығы төмендігін айта келіп, мемлекеттік органдар тарапынан экологияға қатысы бар барша мәселелерде ашықтық пен жариялылықтың аздығын сынға алды. Сондай-ақ, өндірісті энергетикамен қамтамасыз етудің басқа жолдары барлығына дәлелдер келтіріліп, АЭС салу мәселесін әлі де зерттеу керек деген ғалым пікіріне қосылатындықтарын білдірді.
-1992-жылы Олжас Сүлеймновтың «Полигон» фильмі алғаш рет Маңғыстау халқына көрсетіліп, оны марқұм Сайын Шапағатов пен қозғалысымыздың вице-президенті Бақытжан Әділов ұйымдастырған болатын. Кейіннен ол фильм Мемлекеттік сыйлық алды. Ақпан айында фильмді Маңғыстауға тағы алып келмекпіз. Одан басқа да бірқатар шаралар жоспарда бар, бірақ, алдын-ала жария қылмай отырмыз. Сіздің газетіңіз арқылы барша маңғыстаулықтарға, соның ішінде әскери полгондарда қызмет еткендерге деген ерекше құрметімізді білдіре келіп, біз олардың тұрмысы мен денсаулығын жақсарту үшін барлық қажыр-қайратымызды, білігіміз бен беделімізді жұмсап келе жатқанымызды, алда да осылай жалғаса беретіндігін айтқым келіп отыр, -деп қоштасты бізбен Ізімғали Көбегенов.

Айсағали ҚЫДЫР.

ТАБИҒАТТЫҢ ЖАНЫ ТЫРНАҒЫНЫҢ ҰШЫНДА ТҰР ЕКЕН...


Сейсенбі күні біздің облыста өткізілген тағы бір мониторингтің нәтижелерімен таныстық. Бұл жолы үш жылға шақталған Каспий қайраңы мен жағалауына аэроғарыштық технологиялар көмегімен жүргізіліп жатқан мемлекеттік экологиялық мониторингтің 2-кезеңінің қорытындылары талқыға салынды. Оны Қазақстан Қолданбалы экология агенттігінің ғалымдары Асқар Алмаханов пен Валерий Светлаков ортаға салды.
Агенттік ғалымдары бұл мониторингті екі жыл қатарынан жүргізіп келеді екен. Әлі бір жылы бар, бірақ, негізгі жәй қазірдің өзінде белгілі болып қалғанға ұқсайды. Ол жәй – Маңғыстау табиғатының жаны тырнағының ұшында тұрғандығы.
Сөзіміз жалаң болмас үшін бірталай дәлел келтіре кетейік. Су астында қалған немесе тастап кетілген мұнай ұңғылары залалсыздандырылуда деп қаншама рет айтылғанымен олар табиғатқа зиянын тигізіп жатыр. Мысалы, Қаражанбастағы 132-ұңғының айналасындағы мұнай қалдықтары шыдауға боларлық шектен 118 есе асып тұр. Осы сияқты жағдай 121-, 1000-, 1001-, 1002-ұңғылардың төңірегінде де бар. Комсомольск кенорнындағы 2,3,4,8,11,12,14,18-ұңғылардың төңірегіндегі топырақ ауыр металлдар ионымен ластанған, ал мұнаймен ластануы 14-ұңғы айналасында шыдауға боларлық шектен 169 есе артық. Жалпы, Қаражанбастағы су астында қалған ұңғыларды жақсылап жабуды жедел қолға алып, талапқа сай атқарып шықпаса, олардың табиғатқа тигізер зияны күн өткен сайын көбейе түспек. Осы кенорнының айналасындағы қамыс жыл құстарының қонақтап, балапан өргізер мекені екен. Ал, ол қамыстың түбі шылқып жатқан мұнай екендігін мониторинг кезінде түсірілген суреттен көріп, жағамызды ұстадық. Солтүстік Бозашыда 19-ұңғы айналасының топырағы мұнаймен ШБШ-тен 358(!) есе артық былғаныпты. Осындай көріністер барлық дерлік кеніштерде бар.
Өкінішке орай, құрылықтағы төгілген мұнайдың жер асты суларына әсері әлі зерттелмей жатыр. Қаламқас, Қаражанбас, Арман, Комсомольск кеніштерінің бәрі де теңіз жағасында, оның әсері теңіз суына тиіп жатқандығында сөз жоқ, алайда, бұл да арнайы зерттелуі керек еді. Жалпы, ғалымдардың пікірінше, гидрогеологиялық мониторинг жүргізілуі керек-ақ.
Газды ауаға жағып жіберуге тыйым салынса да ол тыйылатын емес. Мониторинг жүргізілген уақытта 282 газ шырағы байқалса, бұл жөнінен Қарақұдық, Өзен, Қаламқас кеніштері алдына жан салмай тұр.
Түпқараған аймағы мен Баутино портының, Дархан құрылымының сулары фенолмен ластанған. Дархан, Қаламқас, Жемчужины құрылымдары мен Баутино портының суларының мұнаймен ластануы шыдауға боларлық шектен бірнеше есе, Жемчужиныда 6,2 есе жоғары тұр. Баутин айлағында суға төгілген мұнай ғарыштан түсірілген суретте де анық байқалып тұр. Теңіздің қазақстандық бөлігінің барлық аумағы дерлік ауыр металлдармен, әсіресе, хром, сынап, қорғасын, кадмий сынды элементтермен қатты ластанған. Судағы ауыр металлдардың мөлшері кей жерлерде шыдауға боларлық шектен 340 есе артық.
Судың мұнай қалдықтарымен және ауыр металлдармен ластануы жағынан дәстүрлі кеме жолдары (шыдауға боларлық шектен 186 есе жоғары), Қаламқас (149 есе), Түпқараған (148 есе), Құрманғазы құрылымы (141 есе) қатты алаңдауға негіз болады.
Екі жылдың ішінде 15 рет суға мұнай төгілген фактісі анықталыпты. Оның жетеуі Ақтау портының аумағында, төртеуі Құлалы-Төленді аралдарының аумағында. Естеріңізге сала кетейік, Құлалы-Төленді аралдарының айналасы балық пен итбалықтың өсіп өнетін, табиғи қорық іспеттес аймақ болатын. Ракушечное кенішінің айналасындағы су құрамындағы зиянды қалдықтардың мөлшері биылғы көктем мен күздің арасында 10 есе көбейіп кетіпті.
Құрманғазы құрылымының, Баутин портының, Түпқараған айналасының суларында өлген балықтар жиі кездеседі. Қаражанбас, Арман, Доңға кеніштеріндегі өсімдіктер дүниесі техногендік өзгерістерге ұшырап жатса, барлық мониторинг жүргізілген аймақта балық пен итбалықтың және су құстарының азайып бара жатқаны анықталып отыр.
Оқырман ұмытпаған болар, теңіз қайраңын игереміз, мұнай аламыз деп келген компаниялар түгелдей қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырып, халыққа да, Үкіметке де «қоршаған ортаны қатаң сақтаймыз, қалдықтардың нөлдік деңгейі принципін ұстанамыз, теңізге бір тамшы да мұнай тамбайды, балықтарды үркітпейміз, суды лайламаймыз, үйтпейміз, бүйтпейміз» деп, уәдені үйіп-төгеді. Ал, сол уәденің қалай орындалатынын енді көріп отырмыз.
Бұл жәйлар екі жыл ішінде жерден, судан алынған 18 мыңның үстінде сынақ үлгісінен және RADARSAT ғарыштық аппаратынан түсірілген мыңдаған суретті зерттеуден анықталып отыр.
Қоғамдық тыңдауда басқа да біраз жайлар айтылып, деректер, дәлелдер келтірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Маңғыстау табиғатының жаны тырнағының ұшында тұрғандығы еді.
-Мониторинг әлі бір жыл жүргізіледі. Соның нәтижесінде біз облыстық әкімдікке, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, басқа да құзырлы орындарға өз ұсынысымызды айтатын боламыз. Бірақ, Маңғыстаудың табиғаты ендігі жерде осыншама техногендік ауыртпалықты көтере алмайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Сондықтан, біздің мониторинг бар, басқа да ғалымдардың жүргізіп жатқан мониторингтер бар, солардың нәтижесін күтіп отырмай, күні бүгін қатаң да шұғыл шаралар алу қажет. Ол қандай шаралар – оны құзырлы органдар жақсы біледі, -деді бізге берген сұхбатында Асқар Алмаханов мырза.
Біз бұрын газетімізде Маңғыстаудың суы мен топырағын, ауасын, өсімдіктер және жануарлар дүниесін қатаң бақылауда ұстап тұратын дәрежесі биік, сөзі өтімді ғылыми-зерттеу институты болмаса кешенді зертхана құру керектігін бірнеше рет жазған болатынбыз. Сол пікірімізді тағы қайталаймыз.

Айсағали ҚЫДЫР.

РЕСУРСТАР ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРА АЛСАҚ... Маңғыстау көкөніспен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады!

Нұрсәуле Жайынбаева – елге белгілі жаңашыл, іскер қыз-келіншектердің бірі. Қазір «Агророст» қоғамдық ұйымына жетекшілік етіп жүр. Ол ұйымның мақсаты – жергілікті көкөніс өсірумен шұғылданатын фермерлерге теороиялық және практикалық көмек көрсету, олардың бәсекелестік қабілетін өсіру жолдарын іс жүзіне асыру екен. Өркениетті елдерде қолданылып, жақсы нәтиже берген, тиімділігін дәлелдеген жаңа технологияларды біздің аймағымызға әкелудің көшбасында тұрған Нұрсәуле осы жолдағы қиындыққа толы күресін жалғастыруда екен. Ол жайында Нұрсәулемен сұхбаттаса отырып білдік.

-Нұрсәуле, біз 2005-жылы, осы уақытта кездесіп, Маңғыстауда көкөніс шаруашылығын өркендету проблемаларын сөз еткен болатынбыз. Сіз тамшылап суару әдісін қолдану – біздің жағдайымызда бірден бір тиімді әдіс екенін айттыңыз. Израильге барып, осы технологиямен жақын танысқаныңызды, енді форум өткізіп, сол әдісті кеңінен енгізу жағын қолға алатыныңызды білдік. Содан бері үш жыл өтіпті. Көздеген мақсаттарыңызға жеттіңіз бе?

-Қол жеткен де, жетпеген де нәрселер бар. Форум өткіздік. Былтыр 15 адамды Волгоград қаласында 25 күн оқытып, жаңа технологияны үйреттік. Теплица салып, онда көкөніс өсірудің тың, соны әдістерін қолданудамыз. Айтпақшы, сол 2006-жылы-ақ Волгоград қаласына барып, бір тамшылап суару линиясын сатып әкеліп, Ақтаудың іргесінде жалға алған жерге орнаттық...

-Неге жалға алған жерге? Өзіңіздің егістік жеріңіз бар емес пе?

-Бар. Ол қаладан 60 шақырымдай жерде. Жаңа технологиямен танысқысы келетін адам жер шалғайлығын қиынсынып, кегежесі кейін тартып қалмасын деп, осыған да бардым... Сонымен сол жалға алған жерде тамшылап суару әдісін қолданып, гектарынан 100 тоннадан астам қияр алдық. Біздің облыс жағдайында ол 20-30 тонна төңірегінде болады, тіпті, керемет бағып-күткен жағдайда 50 тоннадан аспайтын. Оның үстіне, біз суды 2-2,5 есе аз жұмсадық. Осыны көргісі келетін адамдардың бәріне де көрсеттік, мамандар, фермерлер келді, тиімділігін, артықшылығын көрді. Осыдан кейін осы технологияны қолданғысы келетіндер қатары өсті. «Маңғыстауагросервис» мекемесі бүгінде алғысы келетін адамдарға әкеліп беріп отыр.

-Демек, сіздің бастамаңыз қолдау тапты. Қазір қалай, осы технология Маңғыстауды жерсініп кетті деп айтуға бола ма?

-Өкінішке қарай, жоқ. Әлі де бұрынғы дихандар әдісін қолданудан асып кете алмай жатырмыз. Біздің фермерлердің көпшілігі алысты болжап, болашақ үшін жұмыс істеуге құлықсыздау. Іздену, талпыну жоқ. Тамшылатып суару – оп-оңай технология емес. Қондырғыны әкеліп құрып тастасаң болды, тамшылатып суара береді, бақша өсе береді деген балалық түсінікке орын жоқ. Жұрт оның техникалық бабын жасауды машақат көреді. Мысалы, «Қарағантүбек» шаруашылығы осындай желіні алуын алды, бірақ әлі пайдаланған да жоқ. Көп жерде пайдаланғанымен, істен шығарып алып жатыр. Сөйтіп, іс өрістеп кете алмай отыр.

-Күрделі технология, машақаты көп болса, ол өзін-өзі ақтай ма? Фермерлер алуын алғанмен пайдалана алмаса, қыруар шығынға қалады. Ендеше осындай технологияға ұрынып не қажеті бар?

-Міне, Сіз де бүгінгі күннің ауқымынан шыға алмай қалдыңыз. Айсағали, қазір нарықтың заманы, кімнің өнімі сапалы болса, сол өтімді болады. Сол сапалы өнімді басқаларға қарағанда арзандау сатсаң, тіпті керемет. Ал, арзанға сату үшін оған аз шығын жұмсалуы керек. Оның үстіне, ол өндірген өнімің экологиялық жағынан таза болса, оны сату аумағын кеңейте, тіпті шетелдік компанияларға сата аласыз. Табыс осылайша келеді. Жаңа тамшылап суару арқылы өнім өндіру көлемін дәстүрлі әдіспен өсіргендегіден 3-3,5 есе арттырғанымызды, сөйте тұрып оған жұмсалған суды бірнеше есе азайтқанымызды айттым. Айтпай кеткенім – ол өнім экологиялық жағынан өте таза болатын, өйткені біз оған химиялық тыңайтқыш қолданғанымыз жоқ. Енді ойлап қараңыз, бізде егін шаруашылығымен айналысатын 70-80 фермер бар, егер осылар өнім өндіруді екі-екі жарым есе арттырса, жеміс-жидекті шеттен тасыр ма едік. Қазір біздің ақшамыз теңіз асып Қап тауына немесе Үстірт асып өзбек, тәжіктерге кетіп жатыр. Бәрін өзіміз өсірсек, ақша өз елімізде қалады, экономикаға қуат береді. Ертең, біздің еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болса, қазіргі әдіспен біздің фермерлеріміз күн көре алмайды. Өйткені, біздің тонналап су құйып өсірген аз өніміміз қымбатқа шығады да шетелдік өніммен бәсекеге түсе алмайды. Қазірдің өзінде өзбектер мен әзірбайжандар базарды жауалап болды.

-Сонда қайтеміз? Технология күрделі, машақаты көп, қолдана алмаймыз. Кезіндегісін кезінде көрерміз деп, жүре береміз дағы?

-«Еріншектің ертеңі бітпес» дегеннің сөзін айтып отырсыз, Айсеке. Бүйтіп бір жыл жүрерміз, екі жыл жүрерміз. Ол уақытта басқалар ілгері дами береді дағы, біздің қымбат та азғантай өнімімізді саудадан тіпті ысырып шығарып тастайды. Сол ма бізге керегі?
Айталық, біз құрылысқа қажет деп қарайған жапон техникасын алдық. Техника күрделі, қымбат. Ол тұрып қалмасын деп, оған сервистік қызмет көрсетудің қамын жасамаймыз ба? Сүйтіп күтіп-баптаудың нәтижесінде қымбат техника өз құнын ақтап, пайда түсіреді.
Біз де солай істеуіміз керек. Яғни, Ресурстар орталығын құруымыз керек.
Айсағали, көкөніс өсірген адам – бала өсірген анадай. Көкөніс те ауырады, оның да бабын табу керек, ашықтырмау, шөлдетпеу керек, тамағы құнарлы, нәрлі болуы керек. Бұл жағын маман агроном болмаса, екінің бірі біле бермейді. Тұқым саралау деген бар. Жақсы өнім алу үшін жақсы тұқым керек, оны алдын-ала зерттеп, ауруларын алып тастап, өңдеп, рассада дайындау керек. Ол өсіп келе жатқанда әртүрлі зиянкестерден сақтау керек. Жер құнарын жоғалтпау, келесі жылғы егінге дайындау, топырақ эрозиясы деген проблемалар толып жатыр. Осының бәрі аз шаруа емес, фермерлердің оған шамасы келе бермейді, біліктілік те жетіспейді. Бұл машақаттың бәрін Ресурстық орталық көтерер еді.
Енді тамшылатып суару желілеріне келейік. Оның күрделі технология екендігін айттық. Ол суды әр өсімдіктің түбіне ғана, қажетінше беріп отырады. Осыдан келіп, су қажетсіз жерге (мысалы, арықтың бойына) рәсуа болмайды, әрі буланып кетпейді. Өсімдік түбінің топырағы қатып қалмайды, демек, ауа өткізу қабілетін жоғалтпайды. Арамшөптерге су бармайды, сондықтан олардың өсуіне қолайсыз жағдай туады. Тыңайтқыштар судың құрамындағы ерітінді күйінде беріледі. Бірақ, бұл су тұрбалардың бойымен баратынын, бірнеше сүзгілерден өтетіндігін, суды шақтап беріп тұратын қондырғылар – эмиттерлер болатынын, осылардың бәріне уақтылы күтім жасап, ортофосфорлы қышқылмен тазалап тұру қажеттігін ұмытпау керек. Кейбір нәрсенің істен шығатыны бар, оны дер кезінде оңдап, қажет болса ауыстыру керек. Әртүрлі өсімдікке әртүрлі мөлшерде тыңайтқыш қажет, мысалы, израилдік желілер суға еріген органикалық (химиялық емес) тыңайтқыштарды беріп отырады, ондай препараттар мен білетінде тек Израильде дайындалады. Оларды әкеліп, жеткізіп беру керек. Міне, бұлар – Ресурстық орталықтың негізгі де басты жұмысы болар еді. Яғни, Ресурстық орталық – фермерлерге теориялық, практикалық, әдіскерлік, агротехникалық, гидротехникалық, селекциялық жұмыстың кең ауқымын көрсететін кешен болады. Сонда біз тамшылатып суару технологиясының Маңғыстауда кеңінен, жаппай қолданылуына жете аламыз. Бұл – Маңғыстау өз халқын арзан, сапалы, экологиялық таза өніммен толық қамтамасыз ететін болады, ақшаның шетел асып кетуінің бір жолы жабылады деген сөз. Бұның ар жағында халық денсаулығы, экология деген мәселелер тұр.

-Бұл қызмет әншиін көрсетілмесе керек...

-Біз өзімізбен шартқа отырған фермерлердің өндірген өнімінің 2-3 пайызына да риза болар едік. Есесіне, фермерлер қыруар пайдаға қалар еді.

-Нұрсәуле, Сіздің осы шаруаны айналдырғаныңызға 15 жыл болған екен. Мақсатыңызды мен жақсы түсінемін. Алайда, жұмысыңыз бірден өрге басып кете алмай жатқанға ұқсайды. Неден қиындық көріп жүрсіз, әлде, қолдаушыңыз аз ба?

-Мен осы технологияны өзім ғана біліп, өзім ғана қолданып, тыныш жүре берсем, пайдаға қарық болар едім. Алайда, кезінде үріп ішіп, шайқап төгіп, шылқыған бай болғандардың сол байлықтың рахатын көріп жатқанын көрген емеспін. Ешкім байлықты ана дүниеге алып кете алмайды. Мен үшін қызығы – елмен бірге өркендеп, елмен бірге ризықты болған. Менің тәжірибемді басқалар үйреніп, ел-жұртты, балаларды өзіміздің сапалы, құнарлы, таза жеміс-жидекпен қарық қылып жатса, әріптес фермерлер менің арқамда шетелдіктермен иықтары тең тұрып сөйлесе алатындай дәрежеге жетсе, өмірден алар ләззатым сол.
Қолдаушы дегенде, кезінде хат жазып, айтқанымды дәлелдеп бармаған кеңсем жоқ. Түсініп, қол ұшын берген, менімен бірге қиналып, менімен бірге қуанған бір адам – Аджип ҚКО компаниясының қызметкері Дариға Кәрімқызы. Мың болғыр, сол кісі көмектесіп, компания қаражат бөлмегенде қазір істеген шаруаларымның бірде бірі бітпейтін шығар.
Қоғамдық ұйым болғасын, аты айтып тұр, қоғам үшін еңбек етудеміз. Ісіміз оңға басса, оның пайдасын алдымен фермерлер, сол арқылы халық көреді. Сондықтан, облыстың мемлекеттік орындарынан көмек, қолдау күтеміз, бірақ, көңіл толарлықтай ештеме сезіліп жатқан да жоқ. Өкінішті-ақ.
Әлі де жалығар емеспін. Алматыдағы, Волгоградтағы, Израилдегі ғалымдармен тығыз байланыстамын, ақыл-кеңестерін алып, қылт еткен жаңалықты қалт жібермей, өзімді өзім қайрап келемін. Қазір, Сайын ауылының жанында теплица салмақ ойдамын. Жергілікті балаларды баулып, оқытып, көрсетіп, маман етіп тәрбиелеп шығарғым келеді. Сол теплицаны қазіргі заманғы бизнестің үлгісіндей етіп, елге, жұртқа көрсеткім келеді, сабақ болсын, ұмтылсын деймін. Маңғыстау үшін тың бағыт – тоған салып, балық өсіруді қолға алмақпын. Атырауға жол жүрейін деп отырмын, онда осы кәсіптің қыр-сырын үйренуім керек боп тұр. Басқа да жобалар бар, бірақ, қаражат тапшылығы сезіліп тұр. Үміт бар, күресудемін ғой. Бірақ, сәтсіздіктер, түсінбеушіліктер шаршататын шығар.

-Әрине, Нұрсәуле, адамды шаршататын еңбек емес, сол еңбегіңді бағаламау ғой. Сіз қайратты адамсыз, мойымауыңызды тілеймін. Менің ойымша, Сіз айтқан Ресурстар орталығын құра алсақ, ол бүкіл Қазақстанға үлгі болар еді деп ойлаймын.

-Ол біздегі көкөніс шаруашылығын жаңа әлемдік стандартқа сай етер еді, саланы қазіргі заманның талабына сай етуге мүмкіндік берер еді. Сол арқылы бүкіл ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің үлгісін көрсетер едік. Оны құрмасақ – біз ілгері дами алмаймыз, барлық жаңашылдық ұмтылыс тұншыға беретін болады. Өкінішке орай, оны құруға менің қаражатым жоқ, бұл ең алдымен облысқа, халыққа керек дүние екендігін түсініп, облыстың тізгінін ұстап отырған адамдар көмегінен дәметеміз...

Айсағали ҚЫДЫР.

ҚҰМҒА ҚҰРЫҚ САЛУ – ҚҰНТ БОЛСА ҚИЫН ЕМЕС


Мамандардың пікірінше, соңғы 30 жылдың ішінде Маңғыстаудағы құмды аумақтардың көлемі 15-20 пайызға өсіп кетіпті. Бұл елге де, экономикаға да аса көп қиындықтар келтіріп тұр. Бұрын құм қаупі төніп тұрған тек Сенек еді, енді Үштаған, Тұщықұдық, Шебір ауылдары да оның қатарына кіріпті. Осындай көшпелі құмның жолында қалған ауылдар Бейнеу ауданында да баршылық көрінеді.
Көшпелі құмдар тек ауылдарды емес, жолдарды, құбырларды, коммуникациялық желілерді де жұта бастапты. Демек, оған қарсы жасақ құрып, қарсы тұратын уақыттың жеткені. Алматыдағы «Жағырапия» институты директорының орынбасары, жағырапия ғылымдарының докторы Фарида Жиеншеқызы Ақиянова ханыммен арадағы шағын әңгімеде осы мәселе талқыға түскен еді.

-Фарида Жиеншеқызы, Маңғыстаудағы көшпелі құмдардың табиғатын жақсы білетін көрінесіз. Біраз зерттегеніңіз көрініп тұр...

-Маңғыстаумен таныстығым 1971-жылы, студент кезімнен бастау алды. Сол жылы Астраханнан қазіргі Құрыққа дейін теңіз жағасымен жүріп өткен едік. Содан бастап көшпелі құмдардың табиғатын зерттеумен келемін. Ал соңғы уақыттардағы жұмыстарым түгелдей Маңғыстауға байланысты. Сенекте жұмыс істедік, Үштағанда...

-Маңғыстаудағы құмды алаптардың көлемінің өсуіне не себеп? Онымен күрестегі ең тиімді тәсіл деп нені айтар едіңіз?

-Экономиканың дамуы. Маңғыстауда қашаннан құрғақшылық пен су өзара тең баланста тұрған. Өндірістің өсуі жер асты суларының орасан көп мөлшерде сорылып алуына әсер етті де, ол азая бастады, сөйтіп баланс – тепе-теңдік бұзылды. Құмды алаптардың аумағының өсуі, олардың жылжу жылдамдығының артуы осының салдары.
Оған қарсы тұру үшін табиғаттың өзінің әдісі бар, ол – жасыл желек. Жер асты су қорларының кемуі және жергілікті халықтың бұталарды отынға шауып құртуы көп жерлерде ертеден өсіп тұрған бұталы алқаптардың жойылып кетуіне әкеп соқтырды, соның салдарынан құмды бекітіп, ұстап тұратын тамырлар жүйесі жойылды. Құмның жылжу жылдамдығының артуына себеп осы. Табиғатта о баста бәрі де өзара тепе-теңдікте тұрады, бірімен бірі тығыз байланысты. Тепе-теңдік бұзылса, табиғи апаттар бастау алады. Көшпелі құм – осындай табиғи апаттардың бірі.

-Сенектік үстінен төніп келіп қалған құмды тоқтату үшін сексеуіл егу сонау 80-жылдардың ортасында, тоқсаныншы жылдардың аяқ кезінде қолға алынып көргені еске түсіп отыр. Осыдан нәтиже шықпаған сияқты ғой?

-«Мен бірдеме істеп жатырмын» деп халыққа жар салу үшін аз-мұз шаруа жасап, артынан тастап кетсе, әрине, еш нәтиже шықпайды. Сексеуіл ектің бе, оның аумағын жылдан-жылға ұлғайта беру керек, оны мал мен адам отап кетпеу үшін қоршау керек, бағып-күтіп, жағдайын жасау керек. Ол үшін онымен тұрақты түрде айналысып тұратын мекеме болуы керек. Біз Сенекті құмнан қорғау жұмысының жобасын 2003-жылы жасадық та, 2004-жылы бастадық. Сенек-1,-2,-3, Түйесу-1,-2,-3 деген жалпы аумағы 300 гектар болатын алты алаңды қоршап, түрлі бұталар ектік. Ол бұталардың бәрі Маңғыстаудың өз өсімдіктері – жаңағы айтқан сексеуіл, жыңғыл, жүзген, жусан, қарағаш сияқтылар. Сөз арасында айта кетейік, жаңалық ойлап шығарудың қажеті жоқ, құмды жерде өсетін өсімдіктердің бәрінің де тамыр жүйесі ұзын, берік келеді, міне солардан артық құм тоқтатқыш жоқ. Қазір Сенек басында «Жасыл әлем» атты коммуналдық кәсіпорын құрылып, ондағы жұмыстарды жалғастыруда. Оны өзіміздің қасымызда болып тәжірибе жинаған жас ғалым Әділет Қарашбай басқарып отыр.
Үштағанда да 262 гектар жерді қоршап, жаңағы айтқандай бұталар егілді. Ол бұталар әлі өсіп жетілмей тұрып құм астында қалмауы үшін айналасының топырағын қатты тау жыныстарымен бекіттік. Осының бәрі жергілікті тұрғындардың күшімен, біздің ғалымдардың жетекшілігімен істелді. Жергілікті қариялардың айтуынша, ертеректе бұл жерде сексеуіл, жыңғыл, жүзген сияқтылар көп өскен екен. Олар қалай құртылды, құмға солай жан бітіпті.
Тұқымдарды өзіміз жинадық, Ақтөбе облысының Шалқар қаласында тұқым шаруашылығы бар, содан алдырдық. Әйтеуір жұмысымызды тоқтатпадық. Келесі жылы тағы келеміз. Жалпы, Маңғыстауда бізді күтіп тұрған жұмыс көп, қазір көшпелі құм экономиканың қай саласына да қауіп төндіре бастады.

-Ендеше, ондау қауіпке қарсы тұру үшін кеңінен майдан ашу қажет болды ғой?

-Экология ғылыми-зерттеу нститутын құру керек деген сөздер айтылып жатыр ғой. Дұрыс қой. Бірақ, біз алдымен Сенекте жұмыс істеп тұрған «Жасыл әлем» мекемесін барынша дамытуымыз керек. Биыл облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сенекке барғанда Әділетпен кездесті, көп жайлар ортаға салынды. Осы мекеменің құрылуы облыс әкімінің проблеманы жақсы түсінгендігінің, қолдауының белгісі дер едім. Биыл 18 миллион теңге қаражат бөлініп, автомашина, оргтехника сынды қажетті заттар алында, еңбекақы төленді. 15 адам жұмыс істеп жатыр, жазда бұдан да көбейеді. «Жасыл әлем» бара бара облыстағы құм көшкінімен күресетін бірден-бір мамандандырылған ірі мекеме болады. Сондықтан, оған барынша жағдай жасалып тұрса, біздің ашқан кең майданымыз сол болмақ.

-Демек, құмға құрық салуға болады екен ғой?

-Болады. Тек құнт болсын. Біздің ғалымдарымыз осал емес, бұл проблема бойынша аса көп тәжірибе жинаған Түрікменстан, Өзбекстан ғалымдары да бізбен санасады. Ғылыми тылымыз мықты, тек оны жергілікті жердегі қолдау осал болмауы керек. Мәселе сонда.

Айсағали ҚЫДЫР.

02.12.2008

«Көненің көздерінің көбі әлі зерттелмей жатыр...»

Кезінде «қаладан даланы артық көретін орыс бала Андрей» атанып, елге таныла бастаған, бүгінде Қазақстандағы белді де белгілі археологтардың қатарында жүрген Андрей Астафьевпен жыл шымылдығы жабылар қарсаңда кездесіп, біраз әңгімелесіп едім. Андрей қазір өтіп бара жатқан жылда атқарған шаруаларының етек-жеңін жинастырып, қорытындылау қамында екен. Осы төңіректе қозғалған әңгіменің ұзын-ырғасын сұхбат түрінде қағазға түсіріп, оқырмандарымызға ұсынып отырмын.

-Андрей, соңғы жылдары өлкемізде бірқатар археологиялық жаңалықтар ашқаныңды ел біліп отыр. Үлкенқұдық, Қосқұдық, Қызылқала сияқты нысандар кезінде ғылыми сенсация болғаны есімізде. Биыл ел елең етер не таптың?

-Біз сенсация қумаймыз ғой. Сырттай қарағанға іш пыстырар, жалықтырар жұмыспен жүріп жатырмыз. Әр нысанды бірнеше жылдап зерттейміз, құмын електен өткізіп, тарихын ойша екшелеп, том-том кітаптарды ақтарып, сөткелеп ұйықтамай жүріп ашқан жаңалығымыз басқаларға бара сала дүр еткізіп аша салған қамбадай болатын шығар.
Биыл үш жоба бойынша жұмыс істедік. Біріншісі – Тұщықұдық маңайындағы «Көкімбет» мазарын реставрация алдындағы зерттеуден өткіздік. Түсінікті болу үшін айта кетейік, көненің көзі, тарихтың сөзі боп бабалардан мұраға қалған ескерткіштерді қалпына келтірместен бұрын біз зерттейміз. Мысалы, «Көкімбет» кесенесінде кім жатқанын, ол қай дәуірдің ескерткіші екенін, қандай оқиғаға қатысты осындай кесене тұрғызылғанын шама келгенше анықтауымыз керек. Әрине, бәрін көзбен көргендей қылып текшелеп айтып беру мүмкін емес. Біз «Көкімбет» кесенесінің 14-ғасырдың ортасында салынғанын анық айта аламыз. Бұл – Алтын Орданың дәуірі. Бір қызығы, кесене Самарқан, Хорезм үлгілерімен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, бұл – Маңғыстау өңіріне тән емес. Бірақ, кей жерлерін таспен өрген, сондықтан оны салған шебер – жергілікті адам, бірақ тапсырыс беруші не сәулетші Орта Азия өкілі деуге мүмкіндік береді. Тағы бір көңіл аударар нәрсе, қабірдегі адамның қасында мал сүйектері жатыр екен, демек, дене салынған сандықтас (саркофаг) ішіне «ол ана дүниеге барғанда азық қылады» деген наныммен мал еті де салынған, бұл мұсылман дәстүрінен тысқары жатыр. Мүрде шамамен 50 жас шамасындағы ер адам, өте белгілі, дәулетті, беделді адамдыкі. Оны әйгілеп тұрған бірнеше айғақ сол жерден табылды. Бұл мазар көлемі жағынан Маңғыстаудағы кесенелердің ішіндегі ең үлкені, сонысымен де ерекшелінеді. Біз кесенеден түсініксіз жазуларды да таптық, шамасы сол адамның жерленген уақытында жазылған сияқты. Ол одан әрі зерттеуге жіберілді. Бұл жерде антрополог ғалымдардың білімі мен тәжірибесін қажет ететін жұмыс баршылық.
Екінші жоба – Шақпақ ата жобасы. Облыстық әкімшілік осы тарихи ескерткішті ЮНЕСКОның (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ұйымы) Бүкіләлемдік тарихи мұралар тізіміне ендіруді ұсынып отыр. Ол үшін ол ескерткіш жан-жақты зерттеліп, мәні мен мазмұны, маңызы құжаттармен дәлелденуі керек. Жақында осы мәселе өзек болған үлкен ғылыми экспедиция бірқатар жұмыс істеп кетті. Алматыдан, Астанадан мықты-мықты ғалымдар келді, біз де болдық. Әлі де біраз шаруа істелуі керек, әзірше біліп отырғанымыз – 14- ғасырға жататын бұл жер асты мешіті кемі екі рет қайта салынған. Екі өзгертудің арасында кемінде 100 жылдай уақыт өткен.
Бір айта кетер жәйт – жер асты мешіттері тек Маңғыстауға ғана тән үрдіс. Басқа жерден мұндайды кездестірмейсіз. Бұған не себеп, ол жағын әзірше айта алмаймыз. Мүмкін, суфизм іліміне сай, шәкірт басқаға көңіл аудармай, өзінің рухани түйсігінің жоғары деңгейіне жетіп, ерекше қасиетке ие болу үшін қырық күн бойы сыртқы дүниеден оқшаулап ұстап, оқыту ниетімен салынған шығар? Әлде, 63 жасқа жетіп дүниеден озған пайғамбардан ұзақ жасамаймын деп, ақ кебін киіп, жер астына түсіп, қалған өмірін құдайға құлшылықпен өткізген Қожа Ахмет Яссауидің жолын қуушылар салды ма? Бүгін бұл сұраққа нақты жауап беру қиын, ол менің мақсатым да емес, өйткені, осы мәселемен айналысатын білікті ғалымдар бар, олар өз топшылауларын айта жатар. Осы экспедиция кезінде ғалымдар өзара ашық пікір алысып отырды, кейде қызу-қызу айтыстар да болып жатты, өте тосын, қызықты ойлар айтылды. Осы талқылаулар түптің түбінде Шақпақ ата жер асты мешітінің пайда болу сырын ашып береді деп сенемін.

-Жергілікті адамдардан «Андрей «Ақшора» ескерткішін зерттеп жүр» дегенді естіп едім. Ақшора – Белтұран хикаясын естіген боларсың? Сол аңызға куә боларлық бірдеме табылды ма?

-Айсағали, мен аңыздың ізін қуып жүргенім жоқ қой. Рас, аңызды естідім, «Ақшора» кесенесіндегі алты мүрденің бірі әйел адам екендігі де рас. Бұл ескерткіш те «Шақпақ ата» кесенесімен замандас. Дәлірек айтқанда, 1455-жылдар шамасында пайда болған. Алайда, аңыз бен тарих бірімен бірі көп қабыса бермейтіні бар. Мысалы, Шерқаланы алайық. Аңыз бойынша, онда адайлар мен түрікмендердің соғысы жайлы айтылады. Ал, археологиялық деректер ондағы шайқастың одан көп бұрын, оғыздар мен селжүктердің заманында болғанын айтып тұр. Демек біз бұл аңыздың сонау оғыздардың не селжүктердің сол заманда Маңғыстау жеріне жиі-жиі шапқыншылық жасап тұрған хорезмиліктермен соғысын баяндаған деректің күні бүгінге өзгеріп жеткен нұсқасы деп айта алар едік. «Ақшора – Белтұран» аңызының да негізі әріде жатуы мүмкін, тіпті, мазардың ішінде жатқан адамдарға олардың қатысы болмауы да мүмкін.

-Жақсы, үшінші жобаға келейік. Туған қалам – Ақкетікке қатысы бар үлкен шаруамен айналысып жүргеніңді естіп едім.

-Ендеше, сенің туған қалаңның тарихы тым әріде жатқанын біле жүргейсің. Бұрын да айттым ғой, Форт-Шевченконың тарихы сонау монғол шапқыншылығынан бұрын гүрлеген сауда орталығы болған Кетікқаладан бастау алады деп. Кетікқала – соңғы жылдардың археологиялық сенсациясы атанған Қызылқаламен замандас. Екі қаладан да бірімен бірі тамырлас, ұқсас көп айғақтар табылып отыр.
Кетікқала – қазіргі Форт-Шевченко мен Аташ кентінің арасында, бүгінде жанармай құю станциялары орналасқан маңайда, тау етегіне жақын орналасқан. Сол заманда теңіз деңгейі қазіргіден 2 метрдей жоғары болған, демек, теңіз жағалауы Кетікқала тұрған жерге жақын келген. Өте ыңғайлы айлақ болғанға ұқсайды. Жалпы көлемі 15-16 гектар болатын осы қала орнынан біз сол замандағы әзірбайжан, түрікмен ақшаларын таптық, демек Кетікқала өз дәуірінің үлкен порттарының бірі болған. Орта Азияның, қытайдың, парсының керамикалық ыдыстарының сынығы бұл қаланың үлкен керуен жолдарының түйіскен жері, маңызды сауда орталығы болғанын айғақтайды. Керуен сарайдың орны табылды. Бұл қала 14-ғасырдың 2-жартысында Венециядан келген көпес сызған картада бейнеленген екен, ол картада Кетікқала «Мелмеселлаж» деп беріліпті. Бұл «Маңғышлақ» деген сөздің өз тіліне бейімдеп бұрмалаған түрі ме екен деген дүдамал ойға қалып отырмыз.

-Бұл – менің жерлестеріме беймәлім әңгіме екен...

-Оның себебі – мұқиятсыздық. Қаланың орны жойылып барады. 40 пайызы мәңгіге құрып кетті, қалғандарынан бір-ақ күнде айцырылып қалуымыз мүмкін. Кезінде оның қалған кірпіштерін құрылыс салуға бұзып алып кетті, кейін ол жер өндірістік және тұрмыстық қалдықтар төгетін орынға – свалкаға айналды. Одан соң оның бір шетінен құрылысқа қажет құм алып, карьер қылып жіберді. Үстінен электр линиялары өтіп жатыр, айналасы жеке меншікке берілуде. Бұл түрімізбен күні ертең-ақ тарихтың құнды жәдігерінен айырылып қалатын түріміз бар. Ал оны аса пайдалы туристік нысан етуге болар еді...
Тағы бір қызық бар – Форт-Шевченконың аумағындағы ескі қала тек Кетікқала емес, Қорғантас деген де қала бар боп шықты. Қорғантас деп біз 1747-жылы Новопетровск қамалын салған полковник Ломакин сызған картадағы атымен айтып отырмыз. Біз жүргізген қазба жұмыстары орыс қамалы іс жүзінде сол Қорғантастың қорғанын қайталағанын анықтап берді. Яғни, өзінен әлденеше ғасыр бұрын салынған қамалдың планы орыс инженерлерінің көңілінен шыққан. Сол кездердегі әскери жазбаларда Қорғантас жайлы мәліметтер де бар екен. Бірақ Қорғантас одан екі еседей үлкен болған. Жоғарыдан төмен қарай бірнеше террас-баспалдақ тәріздендіріп, алаңқайлар салып, сол алаңқайларға үйлер орналасқан. Құрылыс салудың бұндай тәсілі Маңғыстаудың басқа жерінде жоқ.
Осы Қорғантастан шығатын үлкен керуен жолдың сұлбасы осы күнге дейін бар. Американың NASA ғарыштық қызметінің спутниктен түсірілген суреттерден ол жол анық көрініп тұр.

-Андрей, керуен жолдары демекші... Ана бір жылы осы керуен жолдарымен шындап айналысқым келеді деген едің, ол мақсатыңнан айныған жоқсың ба?

-Айныған жоқпын. Зерттеп жүрмін. Керуен жолдарының жалпы маршруттары, қай жерлермен жүретіні маған белгілі. Бірақ, білек сыбана кірісіп кете алмай жүрмін. Сол керуен жолдарының бір тармағы жаңа айтқан Кетікқалаға келіп тіреледі. Алдағы ақпанда облыс әкімі жанындағы Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және сақтау жөніндегі кеңес болады, сонда біз атқарған жұмыстарды қорытындылай отырып, Кетікқаланы дұрыстап зерттеу жөнінде мәселе қоймақпын. Қорғантасты зерттеу жалғаса түседі деп үміттенемін. Сол кезде әлі де көп нәрсе анықталады деп ойлаймын. Алдағы жылға жоспарымды сұрайтыныңды біліп айтып отырмын. Келесі жылы қазір гүрлеп даму үстіндегі Құрық кентінің маңайына археологиялық барлау жүргізу мақсатын ұстанып отырмыз. Қазіргі құрылыстар тарих жәдігерлерін жойып жібермеуі керек, шама келгенше сақтап қалуға, құпиясын білуге тырысамыз. Одан кейін Кендірлі маңына барып қалармыз, сірә... Форт-Шевченкоға жақын Қошақ шығанағында Қарақала деген кенттің орны жатыр кезек күтіп, ол да маңызды сауда орталығының бірі болған деген болжамымыз бар. Қаңға-бабада Мақтым Ишан кесенесі зерттелуі керек, ол да кезінде керуен жолының бойында орналасқан маңызды нысан. Аумағы 24х24 метр болатын керуен сарайының орны әлі күнге көрініп жатыр. Көп нәрсе айтылмыш ақпан кеңесінде белгілі болады. Сол кезде нақты немен айналысарымыз да айқын болмақ. Білетінім, жұмыс көп. Көненің көздерінің көбі әлі зерттелмей жатыр.
***

Орыстың емес, қазақтың жоғын жоқтап, тарихын түгендеп, аңызынан ақиқатын айырып, көненің көзін ашып жүрген Андрей Астафьевпен әңгімеміз бір емес, бірнеше мақалаға арқау болар еді. Бірақ мен негізгі дәнін ғана алып, оқырман назарына ұсынып отырмын. Ал, негізгі айтпағым – әр жердің өз азаматы, өз әкімі, атқамінерлері өз ауылындағы, маңайындағы тарихи ескерткіштерге жанашырлықпен қараса игі еді деген ой. Форт-Шевченкодағы жаңа айлақтарды салу облыстық мәдениет басқармасының келісімінсіз жүргізілді, нәтижесінде сол маңайдағы көп ғасырлық тарихы бар құнды жәдігерлерімізден айырылып қалдық. Бұл жәй Андрей сияқты санаулылардың ғана жүрегін ауыртып жүргені жанға батады-ау...

Айсағали ҚЫДЫР

30.11.2008

ҚЫРЫП ЖАТЫР

Бейсенбі күні Қазақтың зоология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Байжанов Мұқтар мен орнитолог және герпетолог Анатолий Гисцов жүректі қанжылатар деректерді мәлім етті: біздің Маңғыстауымызда аң біткен құрып бітуге жақын! Бұл деректерді ғалымдар облыстық Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған кездесу кезінде баян етті.
Ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары біздің облысымыздың жабайы жануарлар дүниесінің қазіргі жағдайын үш жыл бойына жүргізілген мониторинг нәтижесінде сипаттап берді. Үш жыл бойы Үстірт пен ойдың, тау мен құмның үңгіл-шүңгілін тегістей аралап, табанынан таусылған бір топ ғалым біздің өлкемізде қауырт шаралар алмаса, енді аздаған жылдан кейін аң біткеннен айырылып тұлдыр қаларымызды дәлелдеп шығып отыр.
Маңғыстауда қазіргі таңда сүт қоректілердің 70-тей түрі бар екен. Оның ішінде ақбөкен, қарақұйрық, арқар мен құлан саусақпен санардай-ақ. Егер 1990-жылдардың басында Маңғыстауда 238-240 мыңдай бөкен болса, қазір содан 10,5 мыңдайы ғана қалған. 20 мыңдай қарақұйрықтың 1,5 мыңы ғана бар. 5-6 мың арқардың 600-700-і ғана тек Бекет атаның жатқан төңірегін сағалап, әзірше аман жүр. Ата әруағы болмаса, қайран арқармен айдың-күннің аманында ада болады екенбіз. Кезінде Барсакелместен әкеліп жерсіндірілген құлан көбейіп келеді деп мақтанушы едік, оның бар-жоғы 30-35-і ғана тау-тастың арасында шашырап қалыпты. Ертедегі шалдар: «Е-ей, шырағым, ашты тойдыру қиын емес, тоқты тойындыру қиын» деуші еді, сол сөздің растығын ғалымдар дәлелдеп отыр: жабайы жануарлар дүниесінің бұлайша құрып кетуіне себепші – браконьерлік. Онда да күнкөріс үшін аң аулаушылар емес, джиппен-вертолетпен келіп, автомат-винтовкамен қанжоса қылып кететін қалталы байлар.
Бұлардан да басқа құрып кету алдында тұрған жануарлар аз емес. Мысалы, ителгі, сұңқар, аққұйрық бүркіт сынды жыртқыш құстар, сілеусін, қарақал, гепард, құмырсқажегіш сияқты аңдар. Итбалықтардың да басына зауал төніп тұрғанға ұқсайды. Барлығы 13 сүтқоректі мен оншақты құс түрін келер ұрпақ тек мұражайлардағы тұлып түрінде ғана көруі мүмкін.
Аң мен құстың құрып кетуіне техногендік себептер де баршылық. Жерден байлық сорамыз деп, қарайған жердің шаңын шығарып тастау, жол демей, жолсыз демей шұбырған көлік, тауды жарып, тасты бұзып тартылып жатқан құбырлар да аң біткеннің тынысын тарылтып, жазда өрісіне, қыста қонысына барар жолдарын кесіп, ақыр түбінде безіп кетуіне әкеліп тіреп жатыр.
Ғалымдар жан түршігерлік деректерді келтірумен бірге нақты ұсыныстарын да айтып отыр. Біріншіден, дейді олар, тартылатын құбыр, салынатын жол, игерілетін алаң біткен сол маңдағы аң мен құстың тіршілік етуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Ол үшін жобалар осы ғалымдардың дайындаған кадастрына сәйкес келісуден өтуі керек. Екіншіден, аңның негізгі қоныстарына қолдан құдық қазып, олардың шөліркемеуіне жағдай жасалуы тиіс, тіпті, қатты қыстарды олардың қоныстарына жемшөп жеткізу жағын да қолға алуға болады. Ал, ең бастысы – браконьерлікке сенімді тосқауыл қойылуы тиіс. Онсыз – іс біткеннің бәрі зая. «Шеніне, шекпеніне, аты мен атағына қарамай, қатаң жазалауға бару керек, заң бәрімізге бірдей. Қолымызда билік бола тұрып өйте алмасақ – адам алдында ғана емес, Алла алдында да күнәһәр боламыз»-деді бізге сұхбат берген Мұқтар Байжанов мырза.
Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжанов мырза келесі жылы үш қорықты жаңадан құру облыс басшысымен келісіліп отырғанын хабарлады. Олар – аумағы 316 мың гектар болатын «Жабайұшқан» және көлемі 160 мың гектарлық Ақшымырау, Бозашы, Тасорпа аумағындағы зоологиялық заказниктер. Үшіншісі – 72,5 мың гектар жерді алып жатпақ Үстірттің Сай-Өтес, Түзбайыр өлкесін қамтитын «Қызылсай» мемлекеттік табиғи паркі. Сонда, өлкеміздің аңы мен құсын қорғай аламыз ба деген үміт бар.
Әрине, құптарлық шаруа-ақ. Бірақ, қызық үшін қырғын салып жүрген қарақшыларды тоқтатпай, қорықтың пайдасы көп бола қоймайтын сияқты.
Әзірше, Маңғыстаудың арқары мен құланы, киігі мен қарақұйрығы, ителгісі мен сұңқары қынадай қырылып жатыр...

Айсағали ҚЫДЫР.

"ҚОШҚАР АТА" ҚАУПІ СЕЙІЛІП КЕЛЕДІ

Сәрсенбі күні жұмыс сапарымен облысқа келген еліміздің бас экологы – Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов «Қошқар ата» радиациялық қалдықтар қоймасының басында мәжіліс өткізді. Облыстық Қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжанов, «Уранликвидрудник» Мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Кафтаранов, «Волковгеология» АҚ радиоэкология департаментінің директоры Павлин Каюков және облыстық ақпарат құралдарының журналистері қатысқан осы басқосуда біздің аймағымыз үшін экологиялық үрей ошағы болып отырған осы қойманың бүгінгі және ертеңгі бет-бейнесі айқындалғандай болды.

«Қошқар ата» радиациялық қалдықтар қоймасының «Ұйқылыдағы» уран кенішін игеру барысында пайда болғаны белгілі. Кеңестер Одағының кезінде уран өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұрды, сондықтан улы көлдің де аумағы үлкейе берді. Одақ ыдырап, өндіріс тоқтағаннан кейін бұрын жыл сайын құйылып отырған 25 миллион текшеметр судың да тамыры кесілгендей болды. Көл көлемі азая бастады, сөйтіп, улы тұнба беті жалаңаштанып, құрғап, желмен бірге шаң-тозаң күйінде ауаға тарай бастады. Ең қауіпті тұс осы еді. Еліміз «Қошқар ата» көлін залалсыздандыру жұмысын қолға алғанымен, тоқырау тұсындағы қаражат тапшылығы қол байлады. Тек осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана қыруар қаражат бөлудің мүмкіндігі туып, Санкт-Петербург ғалымдары көл айналасына мониторинг жүргізіп, істелер шаруалардың ауқымын анықтап берді.
Мамандардың пікірінше, көлдің өзі аса бір радиациялық қауіпті емес көрінеді. Арнайы өлшеулер ондағы радиациялық фон санитарлық нормадағыдан азғана асып тұрғанын көрсетіпті. Оның үстіне, 1990-жылдардың ортасында Азот-түк зауытынан әкелініп төгілген фосфат қалдығы қыруар жердің зиянды топырағын жауып кеткен көрінеді.
Мамандар көл емес, химия-гидрометаллургия зауыты тоқтағаннан кейін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен өндірістік құрал-жабдықтар көбірек қауіп туғызды деседі. Олардың қалдықтары, зауыттан шыққан металл сынықтары көл жағалауына жақын жерге тасталып, көмілген екен. Алайда, олжа іздегендер оны да қазып алып, керек-ау дегендерін пайдаланып, сатып, сөйтіп, радиациялы заттар қала ішіне тарап кетіпті. Көлді залалсыздандыру жұмыстары осыны болдырмау мақсатынан бастау алыпты.
-Міне, қазір біз тұрған жерде бұрын сол зауыттың өндірістік қалдықтары жатқан еді. Былтырдан бері 24 гектар жерді залалсыздандырдық. Яғни, радиациялық фон аса жоғары боп тұрған осы жердегі қалдықтарды алдымен көмдік, содан соң оның сыртынан қалыңдығы 25 сантиметр болатын арматурланған бетонмен жаптық. Оның үстінен басқа жерден әкелінген топырақпен қалыңдығы 1 метр қылып жаптық. Қазір бұл жердегі радиациялық фон қалыптағыдан аспайды, -деді облыстық Қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжанов министрге. –Келесі жылы 31 гектар жерді осылайша залалсыздандыруымыз керек. Сөйтіп, біз алдымызға қойған төрт бағдарламаның бірін орындап шығатын боламыз.
Бұл мақсатқа 394,2 миллионнан астам теңге қарастырылған екен. Оның 234,5 миллионы игеріліп болыпты. Осы жұмыспен айналысып жатқан еліміздегі уран өндірісінің қалдықтарын залалсыздандырумен айналысатын бірден бір арнайы мекеме – «Уранликвидрудник» Мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Кафтаранов ендігі қалған жұмыс жарты жылдың ішінде толық аяқталатынына сенімді көрінді.
Төрт бағдарламаның екіншісі – көлдің суы тартылып, жалаңаштанған 2700 гектардай жерін рекультивациялауға республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Үшінші бағдарлама қаланың тұрғын аймағынан шыққан қалдық суларды тазалап, осы көлге айдау шараларын қамтымақ. Жылына 8,5 миллион текшеметр су айдалып тұрса, көл суының табиғи булануының орнын толтыратын көрінеді.
Төртінші бағдарлама – улы көл айналасындағы топырақ құрамына ауқымды мониторинг жасау. «Волковгеология» АҚ радиоэкология департаментінің директоры Павлин Каюковтың айтуына қарағанда мониторинг жүріп жатыр. Желдің негізгі бағыттары бойынша ауаға тарайтын шаң-тозаңның құрамы, сонымен қатар жер асты суларының қозғалысы зерттеліп жатыр. Қазіргі белгілісі – көл суының теңізге қосылмайтыны. Бұл көл кезінде үлкен сор болған екен. Зерттеулер сор суының жерге сіңіп кетпей тұрғаны қалыңдығы бірнеше ондаған метр болатын, кей жерлерінде 100 метрден асатын қалың саз қабатының болғандығынан екендігін көрсеткен. Сол саз қабаты әлі де оқшаулаушылық қасиетін сақтап отыр. «Алайда, -дейді О.Тоғжанов мырза, -көл суы толық оқшаулануы үшін қазіргі деңгейін сақтауымыз керек. Сондықтан, қаладан шыққан қалдық суларды тазартудан өткізіп барып, осында құюға арналған бағдарламаны тезірек жүзеге асырғанымыз жақсы болады».
Каюков мырза да көлдің жалаңаштанған тұсынан басқа жерлердің шаң тозаңы халық денсаулығына айтарлықтай қауіп тудырмайтынын айтады. «Егер айтылмыш 2700 гектарды рекультивациялауды тезірек іске асырсақ, көлді толық залалсыздандырған болар едік» -дейді ол.
Н.Ысқақов мырза көлді толық залалсыздандыру үшін мамандардың пікірін сұрағанда Марат Кафтаранов мынадай пікір айтты. «Жаңа бір сөзімізде Азот-түк зауытынан әкелініп төгілген фосфагиттің қыруар жердің қаупін сейілткенін айттық. Шындығында, Өзбекстанның Науаи қаласында да, Сепногорскіде де осындай әдіс қолданылып, тиімділігін дәлелдеп шықты. Біз де осы әдісті қолдану керек деп санаймын. Екіншіден, бұл көлді сыртқы дүниеден бетон дуалдармен толықтай оқшаулай отырып, үнемі мониторинг жасап тұру арқылы, залалсыздандыру жұмыстарын жалғастыра беру керек. Мен аса бір күрделі ештемені көріп тұрған жоқпын. Бәрі де қолдан келетін, өз күшімізбен, аз шығынмен атқара алатын жұмыстар» -деді ол.
Мәжілісті қорытындылай келе Қоршаған ортаны қорғау министрі ең алдымен көлдің қоршаған ортаға әсерін жан-жақты зерттеу қажеттігін қадап тұрып айтты. «Көлдің қалаға, Каспийге, жақын маңдағы ауылдарға әсерін, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып адамдардың денсаулығына әсерін, нақты қандай науқастарға ұшыратып отырғанын түбегейлі тексеру қажет, сол арқылы болашақта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс кендігін толық біліп отыруымыз керек» -деді министр.
Екіншіден, біздің елімізде осындай қауіпті аймақтарды залалсыздандырудың жан-жақты жетілдірілген тәсілін игеріп алуымыз керек, дей келе, Н.Ысқақов мырза осы Қошқар ата көлі бойынша атқарылған жұмыстардың оған негіз болатындығын айтты.
-Премьер-министр мені облысқа ең өзекті экологиялық проблемаларды анықтап, шешу жолдарын қарастыру үшін жіберді. Біздің бұл кездесуіміз пайдалы болды деп есептеймін. Жақын арада Үкіметте ведомствоаралық комиссияның мәжілісі болады, сонда осы жұмыстар талқыланады. Сіздердің ұсыныстарыңыз ортаға салынады, нақты шешім алынады. Мен «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының проблемалары толықтай шешілетініне күмәнданбаймын, -деді министр Н.Ысқақов мырза сөзінің соңында.

Айсағали ҚЫДЫР.

01.11.2008

СҮГІР БЕГЕНДІКҰЛЫНЫҢ ШЕЖІРЕ ЖЫРЫ

Әуелі Алла жараттың
Аспан мен жерді пәм етіп
Алты мыңдай нәубет
Көк миуалы көгерттің
Жер жүзіне сән етіп
Жебірейлі періште
Жетпіс жыл билеп адамды
Бізге құран ал деген
әзірет Нұхының уақытында су тасып
Мұсылманның баласы
Кемеге салып ал деген
әузі деген кәпірге
Кемеге міне қал деген
Періштелерге бұйырған
әузінің терісін ал деген
Асық жілігін дарияның бетіне
Көпір қылып сал деген
Терісінде сол күннің
Төрт үлкен дария бар деген
Дарияның атын айтайын
Жайхын-шайхұн мін парап
Нұхыға түгел ал деген
Ай менен күнді жараттың
Рәушен жарық шамменен
Ыбырайым,Кенған екі ауыл
Алжасып дінге таласқан
Кенғанның бір әулеті
Іше берген арақ шараптан
Ыбырайымның әулеті
Келемесін қайырып
Ақап таудың етегі
Арапа бізге болсын деп
Алты тақты араптан
әжі барып дәм татты
әжі білімді бұлатқан
Он сегіз мың ғаламды
Сонда Сүлейменге сұратқан
Мұсылман кәпір бірігіп
Араласып жүргенде
Құлшылық үшін құдайға
Мұхамбетке үмбет болғанда
Бір дін құрсаулық қорықпыз
Атамыз Әнес сахаба
Мұсылманның баласы
Бір жүз жиырма бес таңбалы
Осы отырған көпшілік
Сол Әнестің аймағы
Араптар асып кетіпті
Мекке- Мәдине болады деп
Асанқайғы, Қазтұған
Алты жұрт кеткен бұл жерден
Әнестен туған Жабалды
Түбі атамыз Майхы би
Жайлыхан мен Сейліхан
Сейліханның баласы болғанда
Сегіз арыс бұл түркмен
Ақалтеке, Ерсары
Әйләдір, Жәуміт дегізген
әуелі туып егізден
Түмен деген кісіні сонда
Кіндік ата дегізген
Ат мініп барып асынған
Айләдір деген батырға
Шәудір деген бір ауыл
Қазақ қалпақ туыс секілді
Жақын екен арасы
Қазақ қалпақ екі ауыл
Әләу батырдың баласы
Қалпақ екен ағасы
Қалпақтың келіп алған жер
Әму дарияның сағасы
Төменгі жер Ер Сұлтан
Мұның келіп қалған жері
әр шахардың қаласы
Қоңырат, Шымбай екі шал
Бұл қалпақтың салған қаласы
Ағарыс пен Жанарыс
Кіші атам Бекарыс
Үш ананың баласы
Қарабайрлы менен Ғания
Сауран, Сырменен
Көшпелі болып сахара
Қырға шығып кетіпті
Кіші жүздің баласы
Жалайыр мен Даулат
Ұлы жүздің баласы
Арғын мен Қыпшақ
Қоңырат Найман төрт ауыл
Ортаны мекен етіпті
Қатықсыз қалған қалмақ жерінен
Білімді би төре мен
Тап сол жерден айырылып
Адай,Әлім байұлы
Тама- Табын жеті ру
Төмен қарай бұрылып
Тарғабайдың тауынан
Қатықсыз қалмақ жауынан
Бері шығып кетіпті
Саураннан келген ел екен
Мекен еткен жер екен
Сонда екі арасын бітірген
Хайбазы деген хан екен
Кіші жүздің ішінде
Мейізді шалдар да бар екен
Ең кейіні- бергі алшыннан
Нәдір қожадан туған жеті ауыл
Тама -Табын Кердері
Рамазан,Тілеулі,Жағалбайлы
Міне осыменен аршылған
Тастамай айтсам артынан
Құлақтай үні сарқылған
Шыға аламын ба бүгін шаршыңнан
Қара Кесек Әлім,Шүмекей
Майлыбай Әлім ағасы- ай
Алты аталы Әлімнің
Би Шолпан дейді анасы-ай
Жоғарыдан келген
Жосаба менен Қосаба
Әлім менен Шүмекей алады
Арғын Самал екі су
Тама -Табын алады
Жағалбайлы Кердері
Жайыққа таман барады
Қарақу мен Қаракөл
Есентемір, ел Беріш
Ысқақ, Шеркеш Байұлы
Кең қонысты жарады
Ұраны Мақай қара таз
Жас табан шар келдібай
Бұның қоныс еткен жер
Атыраудың сағасы
Жәнібек хан салған екен қаласын
Кіші жүздің баласы
Мекенсіз болып пырағы
Сонда Адайдың баласы
Жетпіс үй екен шамасы
Қонысына өкпелеп
Қырға қарай салады
Егізім Адай көшпе деп
Ала Сақал Алаша
Байұлының баласы
Сонда артынан қуып барады
Тыңдамады айтқанды
Оқ дәрісін текшелеп
Бір шығармын шетінен деп
Есболай,Шотан,ер Есек
Қырға қарай салады
Маңғыстауда үш түбек
Бұл Ноғайлардың жері екен
Қонып алып Адайлар
Құдықтың көзін ашады
Манағы келген жетпіс үй
Төрт мың үй болып жасады
Төрт Төрткілдің басында
Мекен етіп ел болып
Алпыс жыл қадам басады

Сүгір Бегендікұлы

ҚАЗАҚТЫҢ ШЕЖІРЕСІ

ҚАЗАҚТЫҢ ШЕЖІРЕСІ
/МӘЛІК САХАБАДАН БАСТАЛАДЫ/
Өлеңге айналдырған ақын: Қуаныш Баймағанбетов /қожа/

Қазақтың арғы атасы Хазірет Мәлік,
Жоғалтпай қырағы ерлер хатқа салып,
Ізі бар бір орыннан алдым мұны,
Білсем деп жүруші едім құмарланып.
Қармақшы ауданында оныншы ауыл,
«Өндіріс» колхозында тұрады анық.
Аяпов Үбсұлтан деген кісі,
Кіші жүз кете руы көрдім танып.
Кездесіп сол кісіден алдым жазып,
Ақжарқын адам екен қымбат нарық,
Ал есімін естуші едім бұрын сырттан,
Жырау деп айтатын оны халық.
Әртүрлі домбырамен жырлар төкті,
Кеулімде қайсы бірі қойсын қалып.
Алғаным шежіренің жайы болды,
Үш жүзге тіреледі соңы барып.
Мәліктен бұл айтқаным басталады,
Қолда жоқ ұлы құрал—тас таразы.
Тарихшыл азаматтар сұрауы мүмкін,
Не себептен ең түптен бастамады.
Болмады қолда түбір бұған жауап,
Сонда да жаздым мұны кеулім даулап.
Мәліктен Анас деген кісі туып,
Бұтақтап ұрпақ шашқан ұлы дарақ.
Мұханбет пайғамбардың заманында,
Кісі екен білген түгел атам араб.
Анастан бұл дүниеге келген Мағаз келген,
Дұшпанын заманында күшпен жеңген.
Сүйікті Сахабаның пірі болып,
Дос болған Әзірет Әлі, батыр Бермен.
Мағаздан туған екен бабаң Жабал,
Білмесе ата жолын ерлерге обал.
Екі әйел бабаң Жабал алған екен,
Үлкені —бәйбішесі, бірі —тоқал.
Бәйбішеден туған ұлдың аты—Торай,
Торайдан туған екен Естек, Ноғай.
Естек пен Ноғай болып өз алдына,
Қазанда өсе берген олар солай.
Тоқалдан туған Қорай бабамыздан,
Кім туды, соны айтайын бұдан былай.
Қорайдан Ақшолпан мен Ер Аламан,
Солардан өсіп-өнген бірталай жан.
Аламан атамыздан Қырғыз туды,
Кім туды, соны айтайын Ақшолпаннан.
Ақшолпан атамыздан екі ұл туды,
Сейілхан, Ер Жайылхан аты шулы.
Түрікпен, Сегіз Арыс Сейілханнан,
Майқы би Жайылханнан даңқы шулы.
Дүниеге Майқы атадан екі ұл келді,
Аттарын Құмияр, Тұмиян деген деді.
Құмияннан өзбек халқы туған бала,
Тұмияннан Алаш, Наурыз өсіп-өнді.
Алаштан Айырқалпақ туған бала,
Наурызға перзент бермей Хақ Тағала
Істеткен наурыз көже атына арнап,
Ат есімім қалмай ма деп бара-бара.
Атаңнан Айырқалпақ Қазақ, Созақ,
Созақтан туған екен Қарақалпақ.
Қазақтан Ақарыс пен Ер Бекарыс,
Жанарыс үш ұл туды бағы озат.
Ұлы жүз ұлық болды Ақарыстан,
Орта жүз ортаншы ұл Бекарыстан.
Кіші жүз ең кішісі үшеуінен,
Баласы сол үш жүздің Қазақстан.
Ұлы жүз Бақтиярда Үйсін, Дулат,
Бөктерлеп Алатауды жатқан құлап.
Самарқанд, Арыс, Шымкент, Әулиеата,
Бөлінген ата-атаға шумақ-шумақ.
Жалайыр, Қаңлы, Ошақты, Қарақойлы,
Бабалар әруақты, адал ойлы.
Осылар тараулары ұлы жүздің,
«Бақтияр» ұлы жүзге ұран дейді.
Орта жүз Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман.
Алтыншы Уақ, Керей, туған тарлан.
Әуелден өсіп-өнген халық екен,
Қайысып қарағаштай қанат жайған.
Түркістан, Ақмешіт, Омбы, Семей,
Орайды, Қызылжарлық, Қостанайдан.
Жыланшық, Тосын, Торғай, Троцкий,
Атбасар, Қарағанды, Қарсақбайдан.
Бір шеті Кіші жүздің Қызылорда,
Түстігі Тамды елі бай Қызылқұмда.
Ақтөбе, Гурьев, Орал, Астрахань,
Қостанай, Жаманқала, Орынборда.
Қазалы, Қармақшы, Арал, Ырғыз, Шалқар,
Және көп біз білмейтін әрбір маңда.
Кіші жүз Кете, Керейт, Алтын, Жаппас,
Кердері, Тама, Табын, бұған шақтас.
Сарыбай, Сарқасқа мен Әлім, Шөмен,
Қызылқұрт, мамай, Машхар қат-қабат тас.
Атақты байдың ұлы Қаракесек,
Ар жағы Адай, Беріш етсек есеп.
Осылар тараулары Кіші жүздің,
Кетеміз, жаңылып та, айта берсек.
Туыпты Жанарыстан екі бала,
Арғымақ, екіншісі Алау жана.
Тарапты екеуінен мұнша халық,
Бөлініп әр руға дара-дара.
Бар екен Арғымақтың үш әйелі
Нәзипа, Баршагүл мен Бибісара.
Солардан өсіп-өнген ұрпақтары,
Атанып жеті рулы жеті бала.
Төрт бала Баршагүлден бина болып,
Бұтақтап ұрпақ шашты дүнияға.
Кердері, Керейт пен Рамадан,
Жайғасып Жағалыбайлы бір ұяға.
Анамыз Бибісара ең кішісі,
Туылды Тама, Табын, Телеу ғана.
Арғымақ атамыздың ұрпақтары,
Аталған жоғарыда осы ғана.
Алаудан туған екен Алшын атам,
Ерлерім, кешіріңдер, болса хатам.
Халқына қайырымды болып бұлар,
Алтын тон, құндыз жаға киген шапан.
Кейінгі ұрпақтарға қалдырайық,
Алшыннан туған екен Құдуар бабаң.
Құдуардан Қадыр, Қыдыр екі бала,
Кейінге ұрпақ шашып болды отан.
Байұлы он екі ата халық болып,
Мінекей, енді айтайын кім тараған.
Қадірден туған дейді алты бала,
Аттарын айтып берсек, болмас шала.
Анасы қасиетті болған Самса,
Етегін отырады екен жаппай ғана.
Сондықтан бір баласы аты Жаппас,
Таздар мен Есентемір бұған шақтас.
Серкеш пен Адай, Беріш осы алтауы,
Сұлтанның ұрпағына енді тоқта.
Қадірдің баласы батыр Сұлтан,
Сөзінде бола қоймас бөтен бұлтаң.
Ел тарап екеуінен он екі ата,
Ақмешіт, Гурьев, Орал қылған мекен.
Сұлтаннан Байбақты, Тана туды Алтын,
Жазайын жалғастырып сөздің артын.
Алаша, Астық, Машқар, бұл да алтау,
Есептеп көрерсіңдер шама-шарқын.
Қыдырға Қаракесек келсек төмен,
Үш бала Байсары мен Әлім, Шөмен.
Анасы қасиетті Қағаз, Зәуре,
Бұлардан өрбіп ұрпақ өзегінен.
Зәуреден Әлім, Шөмен екі бала,
Байсары туды үлкен әйелінен.
Бозаншер туды анаңнан Кетебике,
Жас қалды ажал жетіп, Байсары өлген.
Анаңды Кетебике қосты Әлімге,
Ескі әдет, әмеңгерлік жолыменен.
Анасы Базаншерге айтты бір күн,
Қайыр жоқ, тиер саған енді менен.
Бауырмал еді ағаң, Шөменге бар,
Дегізбес сенімге ешкімге пәлен-түген.
Бұл сөзін анасының мақұл көріп,
Шөменнің қарауына қайта келген.
Құрметтеп, Шөмен оны үйлендірді,
Қалмады қайғы-қасірет іште шемен.
Рудың Кете болып аталмағы,
Шыққан дейді Кетебике деген сөзден.
Тоқтаттым Кете руын осы арадан,
Ерлерін ендігісін өзің ізден.
Тағдырға тәңірім жазған, пенде көнген,
Болды оның аты ұран рулы елге.
Зор құрмет алды туған елден.
Туылып Аспан, Бозкүл, Тоқа, Көнек.
Аталып «Дөйт» ұранды Көмекейден.
Бозғұлдан Келдібай қайқы Қаратамыр,
Дүнияға Сарыбай, Торыбай еді келген.
Үш бала Үсейін, Келмембет, Қожагелді,
Туылып Келдібайдан өсіп-өнген.
Келмембет болған екен елге тұлға,
Халық үшін қинап жанын, ойын болған.
Атаңның бар еді аты Сарықасқа,
Жануар құстан ұшқыр, жылдам желден.
Келте тон келген тұлға, келбетіне,
Келмембет рахмет деп көзбен көрген.
Сарықасқа атаң мінген аттың аты,
Руға болған атақ сол бір жерден.
Туыпты Келмембеттен Алдаберді,
Кісі екен қасиетті Қыдыр көрген.
Қалды аты асылдардың, өздері жоқ,
Жарқырап олар ұшқын жанып-сөнген.
Атуға әрқашанда оғы әзір,
Адам—аң, асылында, Ажал—мерген.
Ақылды, ақын, шешен, батыр да бар,
Әр елден заманында шыққан талай.
Шығады жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Деген сөз айтылмаған әшейін жат.
Жүлде алған жұртқа мәлім жүйріктердің,
Атаусыз қалдырамыз атын қалай.
Қазыбек, Үйсін, Төле, Әйтекенің,
Атағын аяқ жетер білген маңай.
Әлімде Жанқожа, Есет, Көтібарлар,
Досына болған қорған, дұшпанға абай.
Ел іші ерегестен тапқан қаза,
Жүрсе де құртып жауды орған баудай.
Сердәлі, Жетес, Үмбет, Сансызбайлар,
Секілді төнген бұлт кетпес жаумай.
Атақты Әйтекедей би Әлімнің,
Бақ құсы бастарынан кеткен аумай.
Ерімбет атақты ақын, сөз мергені,
Жандырған жүрген қамыс, баудай.
Ел жетім ақылы толық ерлер тумай,
Ер жетім ата жолын туса, қумай.
Кетеден шыққан талай данышпандар,
Айрықша топырағын үйген құдай.
Жұбанбай, Бекет, аман, Жаңаберген,
Құлыста болды билер жаңғыл жолдай.
Ешнияз, Жменбай мен Тұрмағанбет,
Ағыны еді асыл сөздің аққан судай.
Дүрман би, Нұрмағанбет, Сара, Шегебайлар,
Қаулаған түрлі өсімдік қалың, нудай.
Асанда Теке батыр, Тоқтаболат,
Қаражан, Дәуімшар мен ол Нарыбай.
Омары Шораяқтың дүр Аманжол,
Өмір—гүл, өліп қазан қалмас ұрмай.
Сүйкімбай, Сүйіндік пен дүр Есенжол,
Арнасы өлең-жырдың ағын судай.
Қожабай, Алдашбайлар асқан ғалым,
Білімнің болды ордасы тіккен тудай.
Бәрі де өтті кетіп кезегімен,
Қысқа өмір құсқа ұқсап ұшқан зулай.
Ет дастан ертедегі ерлер даңқын,
Ерлерді елі сүйген жүзі жарқын.
Жақсының өлмес ердің ісі,
Асыл сөз аңлатады адам парқын.
Шөменнен шыққан аса азаматтың,
Хатқа жаз, кейінгі ұрпақ білсін нарқын.
Өтебай атаңыздан туған бала,
Құба би атаныпты билеп халқын.
Байдәулет туды бала Адамбайдан,
Атақты болған батыр жау шабатын.
Тоқсанбай оқымысты ғалым еді,
Шын білгір болмағанмен айта алатын.
Медресе тұрғызды халық, арнап оған,
Болсын деп білімге орда жол ашатын.
Ақыры аяқтады ол асыл да,
Өмірге, сәтті сапар саяхатын.
Жанғабыл руынан шықты Қалдан,
Белгілі ол биік жол еді жол ашатын.
Атақтан Сарман батыр, Байбішеден,
Көрсетті жауға талай кереметін.
Кеншімбай шыққан еді Бөгембайдан,
Ақылдың тереңінен терген алтын.
Құршидан шықты Ақмырза, Жүздібай,
Кіршіксіз таза ұстағандар ар-ұятын.
Болатта асан батыр, Өсербай би,
Ойлайтын халықтың биік парачатын.
Шабдар да аты мәлім, Алмат бидің,
Жолайда Кетебай мен Өтетілеу,
Көлемді ерлер еді көз тоятын.
Дөсектен Жанай батыр, Ерімбет би,
Сансызбай Қошқаралы болды Уақ.
Алыстан аңлар сөздің ақиқатын.
Рудан шықты Қожагелді шықты билер,
Айтатын істің анық ақиқатын.
Бостан би, Арыстанбай, батыр Қаблан,
Ерлер еді бірлікке ел шақыратын.
Рудан Қаратамыр шықты ерлер,
Мақтаныш ел, халқына қуанатын.
Қыстаубай, Бижан асқан батыр еді,
Жорықта бастап қолды ту алатын.
Дүр Оңғар, би Төребай, Ағытайлар,
Теңі жоқ тұлпар еді топ жаратын.
Сарыбайдай болды айтқыш сөз шебері,
Тілінен тебіренсе бал таматын.
Әзілкеш, Сәдір, Бекіш, Жабағы би,
Кәделі қамқа тондай жамылатын.
Балқыдан Базар жырау жыр толқыны,
Мейірін шөлдегеннің қандыратын.
Маябас, Сүгірәлі, Жалғасбайлар,
Шырағын сөнгендердің жандыратын.
Аңғара, Жауыл, Бәймен, Жетес, Тініс,
Дұшпанын сөзбен естен тандыратын.
Қызылқұм мекен еткен Тәуелі бай,
Керегін алыс жерден алдыратын.
Төбеттен Нысан, Бек, Жарылғаптар,
Әділ би еді ағынан жарылатын.
Тоқада Сәибай, Сауда, Еламан би,
Қамқоршы халық үшін қам қылатын.
Көнекте болды Арқай сөз сонысы,
Көлігін шаршағандар шалдыратын.
Аттарын әруақтардың салдым хатқа,
Мақсатпен есте мәңгі қалдыратын.
Үш жүзде бөлінеді қазақ ұлты,
Жері кең, ұлан-байтақ ұзақ тұрқы.
Кіші жүз Байұлында болды неше,
Адамдар алды айбатты, күшті сырты.
Жаппаста Мұңайтпас пен Басықара,
Өткелбай, Қаржау, Мәмбет, Аппаз, Мырқы.
Серкеште Итқара мен Жамантайды,
Зор құрмет етуші еді елі-жұрты.
Алтында Әлібай, Тойжан және Науша,
Жорықта болған кепіл жеңіс кілті.
Тұрғанбай, ақын Садық Алашадан,
Жандар еді емі—шипа, адал құлқы.
Таздарда Сауытбайдың Тоқтамысы,
Болыпты біршіліктің берік құлпы.
Ыстықтың руынан шықты Орман,
Ебдейлі ел билейге болды құнтты.
Өмірдің бастан ойлап ақыретін,
Жан бар ма жалғаншыда шекпеген мұң.
Бескүндік бұл бейопа баяны жоқ,
Басыңнан өтер демде батқандай күн.
Ойға ал өткендерді қарап артқа,
Көшерсің жалғаншыдан сен де бір күн.
Баянда білгеніңді шықты кімдер,
Ерлері ел билеген Жетірудың.
Телеуде атақты Әймен Есенгелді,
Алымды, жүйрік олар озған еркін.
Рудан Жағалыбайлы —Дербісәлі,
Сөзінен оның ешкім таппаған мін.
Кердері Әбубәкір сөзі мирас,
Кезінде өлең-жырға қосатын үн.
Рамадан—Алдаркөсе, Жиреншелер,
Белгілі тәңірі үйген үлгілі шын.
Тамадан атышулы Есет батыр,
Дұшпанын тоздыратын түткендей жүн.
Боранбай, Тарғын батыр әм Өмірбай,
Шын жүйрік шаршамайды бәйге алатын.
Керейтте Мүсірәлі, онан қосым,
Жүрмеген маңайынан пәлекет жан.
Мүсірәлі жан берген дейді жеті өлікке,
Айтпайды оған ешкім өлсе де сын.
Даңмұрын дүр атағын алған жүйрік,
Беттескен, таба алмаған кірерге ін.
Келдібай, Әбет болыс әм Тынымбай,
Секілді алмас қылыш, алтынды қын.
Қосназар күш атасы түскен топқа,
Асылдар қымбат, баға жетпейді күн.
Мырзабай білімі зор ғалым еді,
Тәмамдап хатым еткен оқуларын.

ҮШ ЖҮЗДІҢ ТАРАЛУЫ

ҮШ ЖҮЗДІҢ ТАРАЛУЫ - Қазақтар үш жүзден: ҰЛЫ, ОРТА және КІШІ жүзден тұрады.

ҰЛЫ ЖҮЗГЕ: 1. Үйсін (Дулат, Албан, Суан, Сарыүйсін, Қатаған, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі), 2. Жалайыр, 3. Қаңлы, Шанышқылы жатады.

ОРТА ЖҮЗДІ: 1. Арғын, 2. Найман, 3. Кыпшақ, 4. Қоңырат, 5. Керей, 6. Уақ құрайды.

КІШІ ЖҮЗДІ — үш топтан тұратын алшындар құрайды.

1. Байұлы (Адай, Беріш, Алтын-Жаппас, Есентемір, Таз, Байбақты, Тана, Масқар, Алаша, Қызылқұрт, Шеркеш және Ысық). 2. Әлімұлы (Қарасақал, Қаракесек, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті), 3. Жетіру (Табын, Тама, Жаңалбайлы, Тілеу, Кердері, Керейіт және Рамадан).

Жүздер — көптеген түркі тілдес тайпалардың негізінде біртұтас қазақ халқының қалыптасуынан бұрынырақ пайда болған да, кейінірек сол халықтың жеке бөліктері есебінде бізге дейін жетті... Ұлы жүз бірлестігі Жетісу жерінде Шу және Талас, Сыр, Іле өзендерінің кең алқаптарында өте көне заманнан қалыптасқан. Орта жүз бірлестігі Сарыарқа атырабында Арғын тайпасының, Кіші жүз бірлестігі Батыс Қазақстанда Алшын тайпасының төңірегіне топтасқан Сондықтап да бұл бірлестіктерді халық арасында «Ұлы жүз — үйсін», «Орта жүз — Арғын», «Кіші жүз — Алшын» деп те атай береді.

Кіші жүз құрамына негізгі үш рулық бірлестік кіреді. Олар - Әлімұлы, Байұлы және Жетіру. Әлімұлына Қарасақал, Қаракесек, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті рулары жатады. Байұлы он екі атадан: Адай, Алтын-Жаппас (Алтын, Жаппас), Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Тана, Қызылқұрт, Шеркеш, Ысық, Таз, Масқар руларынан құралады. Жетіруға: Табын, Тама, Кердері, Жағайбайлы, Керейіт, Тілеу, Рамадан рулары кіреді.

Бұл блог - менің екінші блогым. Бұрынғысын мазмұнды ете алмадым. Ал бұны жиі-жиі жаңғыртып тұруды мақсат етпедім. Одан да сирек те болса мәнді, мазмұнды хабарлар мен оқиғаларды жариялап тұруды көздеп отырмын.